Алматының Медеу ауданында 65 км кабельдік желі ауыстырылып 10 мың жаңа шам орнатылды

27.02.2025

Алматы әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесу барысында Медеу ауданында жүргізіліп жатқан көше жарығын жаңғырту жұмыстары туралы айтты.

Мәселен, 2024 жылы ауданда 65 км кабельдік желі ауыстырылды, 10 мың жаңа шам және 185 бағана орнатылды.

«Биыл сәуір айында 104 бау-бақша серіктестігінде және бұрын жарық болмаған 5 көшеде – Бектұров, Тәжбенов, Бәйішев, Әлімжанов және Қыз Жібек көшелерінде 83 км көше жарығын жүргізу жұмыстары басталады. Бұл бұрын-соңды көшелерінде жарық болмаған аумақтар, бұл жұмыстарды 2025 жылдың қараша айына дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді Ерболат Досаев. 

Осылайша, 2025 жылдың соңына дейін аудан көшелерін 100% жарықтандыру көзделген.

Бұған қоса, Алматы әкімі қаланың маңызды имидждік жобасының бірі – «Көктөбе» телемұнарасын сәулеттік жарықтандыру туралы айтты. Бұл жоба былтыр тамыз айында іске қосылған. Жарықтандыру жүйесі 38 мың LED-модульден, 153 прожектордан және 377 қуат блогынан тұрады. Жаңа жарық жүйесі әртүрлі шаралар кезінде ерекше атмосфера қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Айта кетейік, биыл Алматыда 600 бұрын жарықтандырылмаған учаскеге көше жарығын жүргізу, 4 500 жаңа жарық шамын орнату және 800 көшені жарықтандыру басқару шкафын жаңғырту жоспарланған. Сондай-ақ, ұзындығы 136 км болатын жаңа жарық желілері салынады. Бұл шаралар қала кеңістігінің 100% жарықтандырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.