Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданындағы жұмыс сапары барысында Қарасу көлін тазарту жұмыстарының нәтижесімен танысты.
Қарасу шағын ауданының тұрғындары көлді тазарту туралы қала әкімінен көмек сұраған болатын. Ерболат Досаевтың тапсырмасымен Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясымен келісілген жоба әзірленді. Су қоймасын механикалық тазалауды мердігер – «TOLAGAI-2050» ЖШС-2023 жылдың наурыз айында бастап, қыркүйекте аяқтауға тиіс еді. Алайда жобаның аяқталу мерзімі биылғы жылдың тамызына ауыстырылды, себебі түбіндегі лайдың қалыңдығы жобалау кезінде болжанғаннан бірнеше есе көп болып шықты (30 см орнына 100-120 см). Сонымен қатар, ауыр техниканың өтуі үшін көлдің түбінен уақытша жол салу қажеттілігі де мерзімге әсер етті. Бастапқыда тазарту жұмыстарын топырақ қатқан қыс мезгілінде жүргізу жоспарланған еді.
Көлді тазарту жұмыстары аяқталған соң уақытша жол лаймен бірге шығарылды. Айта кету керек, бұл жұмыс тоған тарихында алғаш рет жүргізілді. Соның нәтижесінде көлдің түбінен 53 тонна қоқыс және 10 мың текше метр лай шөгіндісі шығарылды. Сонымен қатар, су деңгейін реттеу және оның жағаға асып кетуін болдырмау үшін су ағызу құрылыстары салынды.
Жоба қалалықтардың шағымданған бірнеше мәселесін шешуге мүмкіндік берді: бірінші кезекте, тазарту арқылы су айдынының экологиялық тепе-теңдігі мен биологиялық алуан түрлілігі қалпына келеді. Көл тұрғындар мен қала қонақтары үшін қайтадан демалуға ыңғайлы орынға айналады.
Сапар барысында Қарасу шағын ауданының тұрғындары көлді тазарту жұмыстары үшін алғыс білдіріп, әкімнен су қоймасы маңында жаяу жүргіншілер аймағын салуды өтінді. Бұған жауап берген Алматы әкімі Ерболат Досаев өзінің тапсырмасымен спортпен шұғылдануға арналған серуендеу және белсенді демалыс аймақтарын салуды қамтитын көріктендіру жобасы әзірленетінін айтты.