Бүгін - дипломат әрі академик Дінмұхаммед Қонаевтың туған күні.
Бүгін - мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат әрі академик Дінмұхаммед Қонаевтың туған күні. Ол 1912 жылдың 12 қаңтарында Алматыда дүниеге келген.
Биыл Қазақстанның көрнекті саясаткерінің туғанына 111 жыл толып отыр. Атаулы күнде жиналғандар қоғам қайраткерін еске алып, оның рухына құран бағыштады. Еліміздің күзет қызметінің сарбаздары Дінмұхамед Ахметұлының бьюстіне гүл шоғын қойып, көгершіндерді көкке ұшырды. Сондай-ақ көзін көрген әріптесі ыстық естеліктерін бөлісті.
«1986 жылға дейін қаншама уақыт Дінмұхамед Ахметұлымен бірге жұмыс істедік. Ол кісіні ешкіммен салыстыруға келмейді. Оның есімі қасиетті дер едім. Ондай биік тұлғаны ерекше құрметтеп, бағалау керек. Еліміздегі бір қалаға Қонаев есімі берілгеніне шын қуаныштымын. Ол кісі тамаша басшы еді. Өзі басшы бола тұра, барлығымызды ешқашан бөліп жарған емес. Сондай қарапайым, өте мейірімді азамат болатын», – деді Социалистік Еңбек ері Вера Сидорова.
2022 Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа арналған жыл болды. Бұл туралы Қонаев қорының президенті Эльдар Қонаев айтты.
«Өткен жылы халықтың ұсынысымен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бұрынғы Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Осы оқиғадан соң еліміздің көп өңірінде Қонаевқа құрмет көрсетіліп, ескерткіш қойылып, ұлы тұлғаның есімі ұлықтала бастады. Осылайша тарихи әділдік орнады. Биылғы жылды да Д. Қонаевтың 111 жылдығымен бастап отырмыз. Бүгін тек Алматыда ғана емес, сонымен бірге еліміздің әр өңірінде айтулы шараға байланысты іс-шара өтіп жатыр. Басты мақсат – Дінмұхамед Қонаевтың есімін оны көрген, таныған, қазіргі уақытта азайып жатқан замандастарына ғана емес, кейінгі жастарға да үлгі ету, жадында жаңғырту. Себебі, бұл тұлғаның еліміздің дамуына қосқан үлесі өлшеусіз. Бүгінгі аязға қарамай ұлы тұлғаға құрмет көрсету үшін келгендеріңіз үшін сіздерге зор алғыс айтамын», – деді Эльдар Қонаев.
Қонаев музейіндегі экспозицияға және мемориалды пәтер-музейінде экскурсия ұйымдастырылды.
2022 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы Қонаев болып өзгерді.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бастамасы бойынша қазақ жерінің сол кездегі астанасы Алматы қаласында Үкімет үйі, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің ғимараты, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының ғимараты тұрғызылды. Қала көшелерінің саны артып, жаңа тұрғын үйлер салынып, 12 ықшамаудан ашылды. Мектеп пен балабақша ғимараттарының құрылысы басталып, Оқушылар сарайы жас өнерпаздарға есігін ашты. Республика Сарайы, Спорт және мәдениет сарайы, «Медеу» спорт кешені, Ұлттық кітапхана, цирк сынды мәдениет, білім және спорт нысандары бой көтерді. Авто, аэро және темір жол вокзалдары, әуежай, «Алматы», «Отырар», «Жетісу», «Алатау», «Достық», «Қазақстан» қонақүйлері салынып, қала көркін ашты.
Дереккөз: Almaty.tv.