Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша өтінімдерді жинау жалғасуда. Өтінімдерді қабылдау 2020 жылғы 5 қазанға дейін жалғасады. Өтінімді budget.open-almaty.kz. сайтында қалдыруға болады.
Әрбір адам қалалық ортаны дамыту бойынша өз идеясын ұсына алады. Егер бастаманы басқа тұрғындар дауыс беру барысында қолдаса, ол қалалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Бір өтінім 55,5 млн тг сомасынан аспауы тиіс. Қаржыландырудың жалпы көлемі 6,4 млрд тг құрайды — қаланың әрбір ауданына 800 млн тг.
«Біздің қаламыздың кез келген тұрғыны өз ауласын, көше немесе скверді абаттандыру бойынша өтінім бере алады, басты шарт жоба 55,5 млн тг аспай, міндетті түрде қала аумағында болуы тиіс. Осы абаттандырудың қандай болғанын қалайтыныңызды көрсету үшін кез келген фото немесе суретті қоса жіберіңіз, егер сіздің жобаңызға барынша көп дауыс берілсе, жоба қала бюджеті есебінен іске асыруға жіберіледі», — деді Алматы қаласы Стратегия және бюджет басқармасының басшысы Алмас Батанов.
Өтінімдерді қабылдау, дауыс беру және бастамаларды іріктеу онлайн режимінде budget.open-almaty.kz порталында өтеді. Сұрақтар бойынша +7 (727) 224-3929, ішкі 203 телефон нөміріне хабарласып немесе budget@almatydc.kz электронды поштасына жолдай аласыз.
Жобаларды іріктеу критерийлері:
- аумақты көгалдандыру;
- тротуарларды жайластыру;
- тротуарлар, пандустар, арықтар салу және жөндеу;
- жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды (саябақтар, скверлер, жаяу жүргінші аймақтары және өзге де нысандар) құру, жөндеу және жарықтандыру;
- бордюр, тіреу қабырғаларын жөндеу;
- қоқыс орындарын жою;
- аула аумақтарындағы және жалпыға ортақ пайдаланылатын орындардағы спорттық (жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру.
Естеріңізге сала кетейік, «Бюджетке қатысу» жобасы Алматыда 2019 жылғы тамызда басталды. Пилоттық жылдың қорытындысы бойынша 1,4 млрд тг сомасына 55 жоба іске асырылуда. Бірқатар жоба аяқталып, пайдалануға берілді. Мәселен, тсы тетіктің арқасында тұрғындар қалада скейтпарк салып, сөйлейтін орындық орнатты, балалар мен ересектердің спортпен шұғылдануына арналған алаңдар, скверлер мен қала тұрғындарының демалыс орындары жабдықталды.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі