Алматылықтар сақтандыру пакеті шеңберінде 37 млрд тг қызметін пайдаланды

18.11.2020

Биылғы 9 айда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Алматы қаласы бойынша МӘМС пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтер үшін 37 млрд тг жуық қаржы төленді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифингіде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады.

Филиал басшысының сөзіне сүйенсек, қаңтар-қыркүйек аралығында шығыстың басым бөлігі – 19,4 млрд теңгеден астамы стационарлық медициналық көмек төлемі болды.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі 9 айдың қорытындысы бойынша көрсетілген медқызмет көлемінің артқанын аңғаруға болады. Мәселен, бағасы қымбат анализдер, халықтың қалтасы көтере бермейтін диагностика мен операция түрлері енді сақтандыру есебінен жасалып жатыр», — деп атап өтті Тілеухан Әбілдаев.

Тағы 6,5 млрд теңге медициналық ұйымдарға консультативтік-диагностикалық көмек көрсеткені үшін төленді. Карантин кезінде сақтандырылған алматылықтар бағасы қымбат медициналық қызметтерді жиі пайдалануға мүмкіндік алды. Айта кету керек, КТ және МРТ қызметтері азаматтар тарапынан жоғары сұранысқа ие болып отыр. Үстіміздегі жылдың 9 айында жалпы сомасы 391,5 млн теңгеге 30 265 КТ/МРТ қызметі көрсетілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5 есе көп. Сондай-ақ сақтандырылған тұрғындар 556,9 млн теңгеден астам сомаға ПТР-тест тапсырды.

Қор 5,9 млрд тг астам қаражатты жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын медициналық қызметтерге, 2,2 млрд тг стационарды алмастыратын көмекке жұмсады.  

Қалған қаражат профилактикалық тексерулерге, медициналық реабилитация және қалпына келтіруге бағытталған ем-дом үшін төленді.  

Естеріңізге сала кетейік, азаматтар медициналық сақтандыруға қатысты толық консультация алу үшін 1406 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасында өтініш қалдыра алады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі