Алматыға Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтар мінген ұшақ келіп қонды

01.03.2022

Қала әкімдігі қажет болған жағдайда медициналық мамандардың қызметін, оның ішінде психологиялық көмек көрсетуге дайын.

28 Ақпанда 22 сағат 35 минутта Алматының халықаралық әуежайына Air Astana әуе компаниясының Airbus A321 ұшағы Украинадан эвакуацияланған Қазақстан азаматтарымен ұшып  келді.

Ұшақ Польшаның Катовице қаласынан ұшып шыққан болатын.

Әуежайда келген жолаушыларға жедел көмек көрсету қажет болған жағдайда медициналық мамандар кезекшілік етті.

«Эвакуацияланған қазақстандықтар үшін Алматы әкімдігі күніне үш рет тамақтанатын ыңғайлы қонақ үйге трансфер және орналастыру ұйымдастырды. Алматыға келгендердің барлығына  уақтылы әрі жан-жақты қолдау көрсетіледі», - делінген Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз хабарламасында.

Қала әкімдігі қажет болған жағдайда медициналық мамандардың қызметін, оның ішінде психологиялық көмек көрсетуге дайын.

Қазіргі уақытта Алматыға Украинадан тағы да бір репатриациялық рейс келеді деп күтілуде.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.