Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде газанализатормен және түтін өлшеуішпен жабдықталған Құлжа жолы бойындағы бекеттің дайындығын тексерді.
Алматы әкімі Б. Сағынтаев Instagram-дағы аккаунтында қалаға кіреберістерде 19 экобекеттің орнатылатыны, оның екеуі осы күндері жұмыс істей бастайтыны туралы айтты.
«Жұмыс сапарымен Құлжа тас жолында орнатылған жаңа экологиялық бекетке бардым. Мұнда көп компонентті газ талдағыштың көмегімен бензин және газбен жүретін көліктен шығатын улы газдың құрамындағы көмірсутегі, көміртегі оксиді, көміртегі диоксиді, азот оксиді, оттегі тексеріледі. Дизельді отынмен жүретін көліктердегі газдың түтіні де тексеріледі», — деп жазды Б. Сағынтаев.
Оның мәліментінше, қалаға кіре берісте барлығы 19 экобекет жұмыс істейді. Жақында алғашқы екеуі Құлжа жолы мен Бұқтырма көшесінде іске қосылады. Тестілік режимдегі тексеру кезінде түтіні нормадан асатын шамамен 5 мың жеңіл және 1 мыңнан астам жүк көлігі анықталды.
Жақында газ талдағышы мен түтін өлшегіші бар жылжымалы экопатрульдер іске қосылады. Сондай-ақ барлық экобекеттерде ауа сапасын өлшеп, оның дерегін онлайн карта мен LЕD-дисплейде көрсететін стансалар орнатылады.
«Бұл – қала экологиясын сауықтырып, атмосфераны ластайтын автокөліктердің үлесін азайтуға бағытталған», — деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Бұрын хабарланғандай, экологиялық көрсеткіштерді бақылаудың онлайн картасы мегаполис тұрғындарына қоршаған ортаның жай-күйі, оның ішінде атмосфералық ауаның сапасы туралы мәліметтерге кеңейтілген қол жетімділікті қамтамасыз етеді.
Жоба Алматының экологиялық жағдайы туралы барлык қолжетімді мәліметтерді біріктіретін динамикалық платформа болып табылады. Әр 20 минут сайын онлайн бақылау станциялары ауа жағдайы туралы ақпаратты жүйеге жібереді. Станциялар атмосферадағы ластаушы заттардың көлемін, сондай-ақ ылғалдылық, температура, қысым, жел бағыты мен жылдамдығын өлшейді. Белгілі бір кезеңдегі орташа мәндер және орташа күндік белгіленген көлемде рұқсат етілген концентрация мәндері көрсетіледі.
Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жобаның мақсаты — қарапайым азаматтарға, сарапшылар мен мамандарға онлайн форматтағы мәліметтерді беру. Сонымен қатар оларды талдау негізінде ауа сапасының және басқа параметрлердің өзгеруін болжауға мүмкіндік беретін мәліметтер базасы құрылады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі