Нысан жылына 100 мың адамға жедел медициналық көмек береді.
Жаңа жыл қарсаңында №7 қалалық клиникалық ауруханасының жаңа қабылдау бөлімі ел игілігіне берілді. Бүгін ресми түрде ашылған ғимарат алғашқы пациенттерін қабылдады.
№7 қалалық клиникалық ауруханасының жаңа қабылдау бөлімі ашыла сала қызу жұмысқа кірісіп кеткен. Әдеттегідей келіп түсіп жатқан пациент аз емес. Қаланың бас дәрігері бүгін мекеменің мүмкіндігін көріп, ұжымға сәттілік тіледі. Айтуынша, пайдалануға берілетін медициналық ғимарат мұнымен шектелмейді. Келесі жылға жоспар көп.
«Алғашқы медициналық-санитарлық көмек атқаратын мекеме 200 келушіге арналған бірінші кварталда үш емхана тапсырылады. 2023 жылдың аяғына дейін тағы 6 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемені ашу жоспарланып отыр», – деді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шәметеков.
Жаңа ғимарат 2 қабаттан тұрады. Жылына 100 мың адамды қабылдай алады. Пациенттерге триаж жүйесі бойынша қызмет көрсетіледі. Яғни адамның денсаулық жағдайы ауыр, орташа, жеңіл болып бөлініп, сәйкесінше ем тағайындалады.
«Күніне 300-ге жуық науқас қабылдаймыз, 80-ге жуық науқасты жатқызамыз. Біздің басты миссиямыз – науқастарға максималды көмек көрсету. Барлық жағдай жасалған», – деді №7 қалалық клиникалық ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Асылбек Ембердиев
Қабылдау бөлімінде 20 орындық жансақтау залы, 1 жедел операциялық блок бар. Мынадай КТ сияқты аппараттар да қайтадан жаңарған. Сондай-ақ барлық кабинетте ауаны тазарту жүйесі орнатылған. Бұрын ескі ғимаратта ондай жүйе болмаған екен. Сондай-ақ бөлімнің палаталары да көбейген. Арнайы оқшаулау орындары қарастырылған.
«Ми,адамның барлық ағзасын тексеретін техникалық бөлмелері бар екен. Арнайы бөлмелер. Бұрын анау ескі жерде әйтеуір үсті-үстінен мінгесіп бір бөлмеде 3-4 аппарат ел топырлап жүретін. Адам баласына жайлы», – деді қоғам қайраткері Дәрия Сарқытбаева.
Қабылдау бөлімі ауруханадан бөлек орналасқан. Травматологиялық пунктке жеке кіреберіс қарастырылыпты. Ал бас корпусқа бару үшін әуе галереясы салынған.
Дереккөз: Almaty.tv.