Мегаполисте ұзындығы 82 км велоинфрақұрылым жасалған.
Алматы қалалық мобилділік басқармасы хабарлағандай, қысқы маусымда велосипедшілердің қауіпсіздігі үшін веложолақтардан тосқауылдар — боллардтар алынады. Бұл жолдарды қардан тазарту үшін қажет.
Байтұрсынов көшесі бойындағы ұзындығы 2,19 шақырым болатын учаске мен Қонаев көшесі бойындағы ұзындығы 2,2 км аумақ боллардтармен жабдықталған. Көктемде олар өз орнына қайта қойылады.
Жалпы, бүгінде Алматыда 82 км велосипед инфрақұрылымы — веложолдар мен веложолақтар жасалған. Атап айтқанда, Абай даңғылы бойында (Достық даңғылынан Орталық стадионға дейін); «Атакент» көрме орталығы аумағында; Тимирязев көшесі бойында (Байтұрсынов көшесінен Жароков көшесіне дейін); Кекілбаев көшесі бойында (Өтепов көшесінен Торайғыров көшесіне дейін); Торайғыров көшесі бойында (Кекілбаев көшесінен Сайын көшесіне дейін); Сайын көшесінде (Торайғыров көшесінен Рысқұлбеков көшесінің оңтүстігіне қарай); Жібек жолы даңғылында (Уәлиханов көшесінен МжДП-не дейін); Гоголь көшесінде (Пушкин көшесінен Желтоқсан көшесіне дейін, Қалдаяқов көшесінен Қайырбеков көшесіне дейін) бөлек веложолдар салынған.
Сонымен қатар, көліктің қозғалыс бөлігінен белгімен бөлінген веложолақтар да жасалды. Олар мына көшелердің бойларына орналасқан: Байтұрсынов көшесі (Мақатаев көшесінен Тимирязев көшесіне дейін); Қонаев көшесі (Абай даңғылынан Мақатаев көшесіне дейін); Мақатаев көшесі (Уәлиханов көшесінен Байтұрсынов көшесіне дейін); Шевченко көшесі (Қонаев көшесінен Жароков көшесіне дейін); Бұқтырма көшесі (Майлин көшесінен Құлжа жолына дейін); Жароков көшесі (Тимирязева көшесінен Өтепов көшесіне дейін); Өтепов көшесі (Жароков көшесінен Кекілбаев көшесіне дейін); Уәлиханов көшесі (Райымбек даңғылынан Абай даңғылына дейін).
Қазіргі уақытта веложолдар желісін одан әрі кеңейту үшін велосипед инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы жасалуда.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі