15.11.2022

Алматыдағы крематорийді ашу және пайдалануға беру шамамен 2023 жылдың бірінші тоқсанына шегерілді. Бұл туралы қалалық құрылыс басқармасы мәлім етті.

Құрылыс басқармасының мәліметінше, 2021 жылдың екінші тоқсанында бағаның серпінді өсуіне байланысты құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезеңіне трансформаторлық қосалқы станцияның сметалық құны өзгерді. Газ құбырының бағыты мен жалғау нүктесі де өзгертілді.

«Осыған байланысты Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне өтініш жолданып, жобалық-сметалық құжаттаманы түзетуге келісім алынды. Жобалау ұйымы жобаны түзету жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта жергілікті бюджет комиссиясының қарауына ұсыну үшін құжаттар дайындалды. Ол бекітілгеннен кейін «Мемсараптама» РМК-дан оң қорытынды алып, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу қажет. Осыған байланысты нысанды ашып, пайдалануға беру кейінге шегеріліп отыр. Болжамды мерзім – 2023 жылдың бірінші тоқсаны», - деп хабарлады қалалық құрылыс басқармасынан.

Айта кетейік, крематорийдің құрылысы 2021 жылдың қыркүйегінде аяқталуы тиіс еді. Кейін сыртқы инженерлік желілерді, оның ішінде орнатылған пештерді пайдалану үшін газбен жабдықтау желісін тарту жұмыстарына орай 2022 жылдың мамырына шегерілді. Еске салайық, 2020 жылдың жазында крематорий құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын жасауға тендер жарияланған болатын. Құрылыс құны - 1,3 млрд теңге. Крематорийде екі пеші бар бір зал болады.

 

 

 

Дереккөз: inform.kz