Алматыдағы И. Крылов атындағы балалар кітапханасы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды

26.02.2021

Алматы әкімі Б. Сағынтаев балалардың жаңарған кітапханада немен айналысатынын айтып берді.

Мегаполис әкімі Instagram-дағы парақшасында Әуезов көшесі, 175 мекенжайында орналасқан И. Крылов атындағы қалалық балалар кітапханасының ауқымды жөндеу жұмысынан кейін қайта ашылғанын, мұнда заманауи әрі жайлы оқу залдары мен түрлі үйірмелерге арналған орындар пайда болғанын жазды.

«Алтын шаңырақ» мәдениет пен тарихты зерделеу орталығымен қатар зияткерлік ойын мен домбыраны, компьютерлік сауаттылыққа оқытатын жаңа орталықтар ашылуда. Сондай-ақ мұндағы әртүрлі жастағы балаларға арналған «Креативті шығармашылық», «Жас ғалым» клубтары мен «Оқимыз, үйренеміз, ойнаймыз» үйірмесі де қызыққа толы орта», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Кітапхана сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін демалыссыз жұмыс істейді. Болжам бойынша, кітапханаға жылына 250 мыңға жуық адам келеді. Бүгінгі күні Алматыда 25 кітапхананың 16-сы жаңа форматта жұмыс істейді. Биыл қалған кітапханаларды жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі