27.08.2022

Алматыда барлық тарихи құндылықтарды ретке келтіруге арналған жаңа бағдарлама әзірленеді. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев мәлім етті.

«Алмалы ауданы – қаланың тарихи орталығы. Бомбадан қорғанатын жерлер болған. Барлық өркениетті елдердегідей осы жерлерді қалпына келтіру бағдарламасын қарастырып, бастама көтеруге бола ма?» - деп сұрады Алматы қаласының тұрғыны әкіммен кездесуде.

Қала әкімінің айтуынша, барлық тарихи құндылықтарды ретке келтіруге арналған жаңа бағдарлама әзірленеді.

«Барлық тарихи құндылықтарымызды ретке келтіру үшін жеке бағдарлама әзірленетін болады. Жұмыс басталды. Мемлекет басшысы осындай тапсырма берді. Бұл тек осы геосаяси оқиғаларға байланысты емес, оған төтенше жағдай да кіреді. Біз сейсмикалық белсенді аймақта тұрмыз, сондықтан қала төтенше жағдайға дайын болуы керек. Жеке бағдарлама болады, алдағы үш жылда біз оны қажетті стандарттарға жеткізуге тырысамыз», - деп жауап берді әкім.

Әкім бұл бағдарламаның төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе әзірленіп жатқанын атап өтті.

«Шынымды айтсам, бұған дейін бомбадан қорғанатын орындарға көп қаржы бөлінбейтін. Тек қолдау үшін азын-аулақ ақша берілетін. Ешқашан жөндеу, қайта жабдықтау көрмеген. Біз қайта қарауды бастаймыз, бірақ ол қымбатқа түседі. Бірақ, бұл – қала үшін маңызды», - деді әкім.

 

 

 

Дереккөз: inform.kz