Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша құны 7 млрд теңгені құрайтын 322 жоба жүзеге асырылды

02.09.2021

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполис активінің отырысында «Бюджетке қатысу» жобасының үлесін арттыру бөлігінде Президент Жолдауының тапсырмаларын орындау шаралары туралы баяндады.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында абаттандыру мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бюджетіне «халықтың қатысуы» үлесін 10 есеге арттыруды тапсырды.

Б. Сағынтаевтың айтуынша, «Бюджетке қатысу» жобасы Алматыда екінші жыл жүзеге асырылуда, 23 тамыздан бастап жобаны іске асырудың үшінші жылына өтінімдер қабылданды.

Мәселен, екі жыл ішінде саябақтар, скверлер, аулаларды абаттандыру, қоғамдық орындарды жарықтандыру мен жөндеуге құны 7,3 млрд теңге болатын 322 жоба (2020 ж. - 49 жоба, 2021 ж. - 273 жоба) жүзеге асырылды.

Бұл жобадағы бюджеттің үлесі 5%-ды құрайды, бұл белгіленген ең төменгі көлемнен 10 есе көп. Ең төменгі көлем «тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» функционалдық тобы үшін жылдық бюджеттің 0,5%-ынан кем емес. Ал екі ауданда – Алатау мен Наурызбайда бюджеттің үлесі ең төменгі шекті деңгейден 15 есе жоғары.

«Болашақта «Бюджетке қатысу» жобасы аясында біз қаржыландыруды көбейтіп қана қоймай, атап айтқанда қаланың шеткі бөлігі үшін жобаларды іріктеу процедураларын одан әрі жетілдіруді жоспарлаудамыз. Яғни, жыл бойы тұрғындардың ұсыныстарын жинау жоспарлануда», - деді Б. Сағынтаев.

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі