Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram-дағы жеке парақшасында қоғамдық кеңістікті ретке келтіру бойынша кешенді жұмыстар туралы айтты.
Б. Сағынтаевтың айтуынша, қаланың орталық аудандарында бұрыннан бар сквер мен алаңдарды жөндеп, ретке келтірсек, шеткі аумақтарда бос әрі қараусыз қалған учаскелерде балалардың ойын және спорт кешендерін орнатудамыз.
«Бұл «Бюджетке қатысу» жобасына қатысып, белсенділік танытқан қала тұрғындарының арқасы», – деп атап өтті мегаполис әкімі.
Мысалы, биыл Наурызбай ауданында осындай 32, Алатау ауданында – 31, Түрксібте – 18 алаң орнатылады. Әуезов ауданында – 21, Жетісуда – 18, Медеу мен Бостандық аудандарында 8 жоба жүзеге асырылуда. Алмалы ауданында бос жатқан 5 учаске абаттандырылып, иттерді серуендетуге арналған 3 алаң ұйымдастырылды.
Балалар мен жасөспірімдердің еркін ойнап, аға буын өкілдерінің тыныш әрі жайлы демалысына жайлы орынды шағын учаскелердің тұрғындары өздері таңдайды. Сондықтан мұндай аймақтардың қадамдық қолжетімділігі маңызды. Айта кетейік, барлық аудандарда күрес, бокс, футбол үйірмелері ашылады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі