Фестиваль М.Ганди атындағы саябақта өтеді.
2022 жылдың 10 қыркүйегінде М.Ганди атындағы саябақта Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы мен Мемлекеттік жастар саясатын дамыту қорының ұйымдастыруымен «BALA FEST» қалалық фестивалі өтеді.
Ауқымды шара аясында жастарға арналған 150 қалалық бос уақытты тиімді өткізу орталықтарының тегін жәрмеңкесі өтеді. Бос уақытты тиімді өткізу орталықтары – жастар оқудан немесе жұмыстан бос уақытында шығармашылықпен, спортпен және өзін-өзі дамытумен айналысатын клубтар. Жастардың тұрғылықты жерінде, жеке уақытын ұйымдастыруға бағытталған орталықтар болып табылады. Ал бұл өз кезегінде, құқық бұзушылықтың алдын алу, нашақорлық, шылым шегу, тағы басқа әлеуметтік келеңсіз құбылыстармен күресу сияқты мәселелерді шешуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, барлық қонақтар үшін шара барысында ойын-сауық концерттік бағдарлама, дамытушы мастер-кластар, спорттық жарыстар және т.б. ұйымдастырылған.
Алматылықтар фестиваль аясында қаламыздың талантты жасөспірімдері мен жастары және бос уақытты тиімді өткізу орталықтарының тәрбиеленушілері дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалай отырып, әрбір орталық туралы имидждік бейнероликтермен танысады. Саябақта серуендеумен қоса, өздерінің барлық тілектері мен талаптарына сай келетін орталықты таба алады.
Дереккөз: Almaty.tv.