Биыл байқауға қатысуға Қазақстанның әр өңірінен 425 өтініш түскен.
21-22 шілдеде Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Бақыт деген - сенің бала күндерің» атты жыл сайынғы балалар вокалдық фестиваль-байқауының алтыншы кезеңі өтті.
Биыл байқауға қатысуға Қазақстанның әр өңірінен 425 өтініш түскен. Вокалдық жағынан мықты деп танылған 20 бала фестивальға іріктеліп алынды, ал байқауға 6 мен 15 жас аралығындағы 10 бала қатысты.
Фестиваль биыл алтыншы рет өткізіліп отыр. Өткен 5 маусымда барлығы 7000 өтініш түскен. Фестивальдың 50-ден астам қатысушысы Ресейдегі «Голос. Дети» «Балалар Евровидениесі», «Қазақстан дауысы», «Бала дауысы» және «Central Asia’s got talent» секілді отандық және шетелдік байқаулардың лауреаты атанған.
Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші күні байқауға қатысушылар отандық және шетелдік синглдарды орындады. Екінші күні өнерпаз балалар Әлішер Кәрімов, Әнел Әренова, Салтанат Құдайберген және басқа да эстрада жұлдыздарымен бірігіп дуэт айтты.
Байқаудың супергран-при жүлдесі Орал қаласынан келген 8 жастағы Айбике Сатпаеваға бұйырды, ал Гран-приді Талдырқорғаннан келген 11 жастағы Имангелді Аяулым жеңіп алды. Фестивальдің әділ қазылар алқасының мүшелері: Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Айжан Нұрмағанбетова, әнші Бек Оралбеков, продюсер Айнұр Рахимова және композитор Юлия Лебедева.
Іс-шара демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылды. Фестивальды тамашалау тегін болды.
Дереккөз: Almaty.tv.