Алматыда жыл қорытындысы бойынша 2,4 млн шаршы метрге жуық тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда

09.11.2020

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғын үй, мектеп пен балабақша құрылысының барысымен танысты.

Алматы әкімі Б. Сағынтаев өзінің Instagram-дағы парақшасында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үй кешендері құрылысының барысы туралы айтып берді.

«Тұрғын үй құрылысының қарқыны жақсы. Жыл қорытындысы бойынша барлық бағыт бойынша 2396 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсыру жоспарда бар. Бұл 2019 жылға қарағанда 300 мың шаршы метрге артық», — деп жазды мегаполис әкімі.

Оның айтуынша, «Жаңа Алматыда» ауқымды құрылыс басталды. Наурызбай ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалпы ауданы 217 840 шаршы метр 127 көппәтерлі «Alma City» тұрғын үй кешені салынуда. Үстіміздегі жылы 100 үй, келесі жылы қалғаны пайдалануға беріледі.

Жалпы, 2020 жылы 2396 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған, оның ішінде коммерциялық — 1591 мың шаршы метр немесе 17 420 пәтер, мемлекеттік бюджет есебінен — 290 мың шаршы метр немесе 5206 пәтер, жеке тұрғын үй құрылысы — 510 мың шаршы метр немесе 2062 үй, жатақхана — 4,6 мың шаршы метр.

Бұдан өзге Алматы әкімі мектеп құрылысының қарқынын тексерді. Өйткені қала тұрғындары көтеретін өзекті мәселенің бірі — мектептегі орын тапшылығы. Әуезов ауданының Жетісу-2 ықшамауданындағы №117 мектептің жанынан 900 орындық қосалқы нысан салынуда. Ал Наурызбай ауданындағы №186 мектеп жанынан 513 оқушыға арналған нысан мен 120 орындық балабақша салынуда.

«Жалпы келесі оқу жылының басында мектептерге жапсарлас салынатын 8818 орындық 17 қосымша құрылыс нысанын тапсыруды жоспарлап отырмыз. 2021 жылдың соңына дейін Алатау, Наурызбай, Түрксіб аудандарында 12 600 орынға арналған 8 мектеп ашылады», — деп жазды Б. Сағынтаев.

Сонымен қатар қала әкімі Қалқаман ықшамаудандағы құрылыс алаңында болды, мұнда №7 қалалық аурухананың 48 төсек-орындық қабылдау бөлімінің жаңа корпусы салынуда. Алмалы ауданындағы Сән және дизайн колледжінің жанынан салынған 80 орындық қосалқы нысанның құрылысы аяқталды.

«Салынып жатқан барлық нысандардағы жұмыстың сапасын бақылауға алуды және оларды мерзімінде пайдалануға беруді тапсырдым. Аулалардың,  кіре беріс жолдардың абаттандырылуы және заманауи құрылғылардың жеткізілуі басты назарда болуы тиіс», — деп атап өтті Алматы әкімі Б. Сағынтаев.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі