Алматыда жедел жәрдем қызметінің автопаркі 70% жаңартылды: жыл соңына дейін қосымша 100 жаңа автокөлік жеткізіледі

08.12.2020

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бұған дейін қалада 35 жаңа жедел жәрдем көлігі сатып алынғанын хабарлады. 16 желтоқсанға дейін қосымша 50 жаңа машина келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында Алматы қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Біржан Оспанов айтып берді.

«Озық әлемдік брендтердің заманауи, портативті құралдарымен жабдықталған 35 жаңа автокөлік алынды. Үстіміздегі жылдың соңына дейін тағы 100 жаңа автокөлік жеткізіледі деп күтілуде. Жедел медициналық жәрдем қызметі коронавирустық инфекцияның жазғы толқыны кезеңіндегі жұмыс тәжірибесін ескере отырып, материалдық-техникалық базаны жақсартты», – деді Б. Оспанов.

Сондай-ақ ол жедел жәрдем көліктерін дезинфекциялық өңдеуге ерекше назар аударылатынын айтты. Машиналарды дезинфекциялау I және II эшелондағы барлық клиникаларда суық бу генераторы әдісімен жүргізіледі.

«Пациентті жеткізгеннен кейін стационарларда заманауи технологияларды пайдалана отырып, санитариялық автокөлікті байланыссыз «суық бу» генераторы арқылы дезинфекциялау жүргізіледі. Экспозиция 10 минутты құрайды, бұл көліктің медициналық ұйымдарда болу уақытын 3 есеге қысқартады», — деп атап өтті Б. Оспанов.

COVID-19 жаңа толқынына дайындық аясында диспетчерлік қызмет те күшейтілді. Жедел медициналық жәрдем қызметінің алдыңғы шебінде 365 дәрігер, 1388 фельдшер жұмыс істейді.

Бұдан басқа жедел медициналық көмек қызметінің жұмысын жаңғырту бойынша келесідей шаралар қабылданды:

  • бригадалар санын 220-ға дейін арттыру;
  • қосымша 40 бригада есептеу;
  • ӘМСҚ қаражаты есебінен резервтік қатардағы 20 машина;
  • әкімдік қаражаты есебінен жеке компаниялардың 20 автокөлігін тарту;
  • ушығу кезеңінде кадрлар санын 120 фельдшерге дейін көбейту;
  • кадрларды тарту;
  • АМК және РМК түлектерінен дайындалған 60 ерікті фельдшер;
  • жеке медициналық орталықтардың 60 фельдшері;
  • ушығу кезеңінде ақпараттық-жедел диспетчерлік бөлімді 22 орынға дейін кеңейту және 103 нөмірі бойынша қабылдайтын фельдшерлер санын 60-қа дейін көбейту;
  • шұғыл түрде 3000-505 байланыс орталығы ашылды.

Бүгінгі күні жедел медициналық көмек қызметі құрылымында барлығы 12 қосалқы станция, 180 бригада, 3219 қызметкер бар.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі