Алматыда жедел жәрдем қызметіне коронавирус, ЖРВИ және пневмония белгілері бойынша түсетін шақыртулар 70%-ке төмендеді

07.08.2020

Бұл туралы Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифинг барысында айтты.

Брифинг барысында Қ. Надыров коронавирустық инфекциямен күресу үшін қабылданған шаралар қазіргі жағдайға оң әсер еткенін атап өтті.

«Жедел жәрдем қызметінің жұмысына түскен күш төмендегені байқалады. ЖРВИ, КВИ және пневмонияға шағым айтушылардың саны 70%-ке төмендеді. Індеттің нағыз өршіген тұсында әрбір екінші қоңырау коронавирус белгілері бойынша түсті. Бүгінде ковид және пневмония белгілері бойынша түсетін шағымдар саны 10-11% -тен аспайды», - деді Қамалжан Надыров.

Естеріңізге сала кетейін, бұған дейін Алматыда науқастарды ауруханаға жатқызу алгоритміне бөлу жүйесін енгізу арқылы өзгерістер енгізілген болатын. Яғни, қазір науқастарды госпитализациялау медициналық мекемелерде бос орындардың болуына қарай емес, керісінше науқастың ауруының ауырлығына байланысты бөлінеді. Жеңіл және симптомы білінбейтін коронавирусы бар науқастар үйде ем алады.

«Бүгінде үйде 1268 адам медициналық бақылауда. Оның ішінде симптомы білінбейтіндер- 667, ал 601-ы жеңіл дәрежедегі науқастар. Соңғы екі аптада осы санаттағы науқастардың саны (амбулаториялық емде) 50%-ке азайды», - деп түйіндеді Қамалжан Надыров.

Ауру деңгейінің төмендеуіне қарамастан, COVID-19-бен күресу үшін АМСК деңгейінде әлеуетті арттыру жұмыстары жалғасуда. Маусымда мобилді топтардың саны 72 болса, бүгінде олардың саны 296-ны құрайды. Аурумен күресуге жұмылдырылған мамандар саны 5 есеге артып, 925 дәрігерді құрады. Жалпы, соңғы екі аптада емханаға келушілер саны 30%-ке төмендеді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі