23.02.2021

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Әуезов ауданының тұрғындарын тыңдап, 9 қабатты жатақханаға арналған жерге балабақша мен спорт алаңдарын салу туралы шешім қабылдады.

Әуезов ауданындағы Алтын бесік ықшамауданының тұрғындары 17 ақпанда өткен Алматы қаласы әкімінің есеп беру кездесуінде жатақхана салу жоспарын қайта қарау туралы өтініш білдірген еді. Олар өз өтініштерінде қала басшысын жоспарланған құрылыс орнына шақырған болатын.

Бүгін Алматы әкімі Instagram-дағы парақшасында бұл мәселенің шешімін тапқанын айтты.

«Аталған жерге барып, Алматы технологиялық университетінің студенттеріне арналған жатақхана ғимаратына жер телімін беру туралы қаулының күшін жою туралы шешім қабылдадым. Жуырда студенттік үй үшін басқа қолайлы жер қарастырамыз», — деп жазды Б. Сағынтаев.

Оның айтуынша, тұрғындармен кездесуде бұл жерге 120 орынды балабақша, спорт және воркаут алаңдарын салу жөнінде ортақ шешім қабылданды.

«Ата-аналар балаларға арналған қосымша оқыту мен дамыту орталықтарын құру қажеттігін айтты. Бұл ретте «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубтарының тәжірибесі негізінде тегін үйірмелер мен спорт секцияларын ашамыз», — деп атап өтті Алматы әкімі.  

Әуезов ауданына жұмыс сапары барысында қала әкімі ықшамауданның құрылыс салуға тыйым салынған бос жерлерін де қарап шықты. Мұнда жайлы жасыл қоғамдық орындар құру жоспарлануда.

Еске салсақ, бұған дейін Назарбаев даңғылында тұратын тұрғындардың өтініші бойынша Алматы әкімі Б. Сағынтаевтың шешімімен тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылған болатын.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі