Алматыда жастарды жұмыспен қамту бойынша KPI 3 есеге асыра орындалды

01.10.2024

2023 жылдың басында Алматыда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,6%-дан асқан болатын. 2024 жылдың екінші тоқсанының деректеріне сәйкес, бұл көрсеткіш 4,5% болып, жұмыссыздық деңгейі 1,1%-ға төмендегені байқалды. Мұны қалалық жастар саясаты басқармасы хабарлады.

Олардың мәліметінше, Алматыдағы колледждер мен жоғары оқу орындарының 65 мың түлегінің 60-80%-ы жыл сайын Алматыдан жұмыс табуға тырысады. Сонымен қатар, 10-12 мың түлек жыл бойы жұмыс іздейді. 

Жастар саясаты басқармасы NEET санатындағы жастардың (Not in Education, Employment, or Training) үлесін азайтуға бағытталған бағдарламаны әзірледі. Бұл санатқа жұмыссыз, оқымайтын және кәсіби дайындықтан өтпеген 14 пен 35 жас аралығындағы жастар жатады.

Аталған бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде NEET-жастардың үлесі 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы 8,3%-дан (53,8 мың адам) 2024 жылдың екінші тоқсанында 6,5%-ға (42,8 мың адам) дейін төмендеді.

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен мегаполисте бір жылдан астам уақыт бойы Қалалық карьера орталығы жұмыс істеп келеді. 2023 жылдың ақпан айынан бері орталыққа 4 мыңнан астам жас жүгінген. Орталық 3 мың адамды жұмыспен қамтуға көмек көрсетіп, сұранысқа ие мамандықтар бойынша 30-дан астам қысқа мерзімді курстар ашты. Биыл жыл басынан бері 4,8 мың жас оқудан өтіп, олардың 3 мыңы жұмысқа орналасып, 1,8 мыңы тағылымдамадан өтіп жатыр.

NEET-жастарға арналған Jasalmaty.kz мобильді қосымшасы іске қосылды, онда Jobfair365 жұмыспен қамту және SkillBrigde оқыту сервистері ұсынылған. Ақпараттық портал 20 мың адамды тартты. Жұмыс басталғаннан бері Қазақстанның 20 өңірінен 3 мыңнан астам жұмыс беруші тіркеліп, 5 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланды. Соның нәтижесінде 2,5 мың жас жұмысқа орналасты.

2024 жылы басқарма «8 Күндік карьера» іс-шарасын ұйымдастырып, оған 450-ден астам ірі компания қатысты. Соның нәтижесінде 2,8 мыңнан астам жас жұмыс тапты.

«Жасыл ел» ұлттық жобасы аясында 2,1 мың адам уақытша жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, Еңбек мобильділігі орталығы арқылы 4,8 мың жас жұмысқа орналастырылды.

«Алматы қаласының 2024 жылғы жұмыс орындарын құрудың өңірлік картасы» аясында жастарға 18,1 мың жұмыс орны ұсынылды. Enbek.kz порталы арқылы 1,1 мың жас жұмысқа орналастырылды.

Осылайша, 2024 жылдың қаңтарынан бері барлығы 31,3 мың адам жұмысқа орналасты, оның ішінде Алматы қалалық жастар саясаты басқармасы арқылы 13,3 мың жас жұмыспен қамтылды.

Қаланың даму жоспарының Жол картасында көрсетілген жұмыспен қамту бойынша KPI (жоспар – 10 мың) 3 есеге артық орындалды. 

Айта кетейік, Алматыда 14 пен 35 жас аралығындағы 695,6 мыңнан астам жас (қала халқының 32%-ы) тұрады, олардың 421,6 мыңы – жұмыс істейтін жастар, 279 мыңы – жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, 80 мыңы – жоғары сынып оқушылары.