14.10.2020

Алматы қалалық Мобилділік басқармасы Жандосов көшесіндегі BRT құрылысы қашан аяқталатынын мәлім етті.

BRT жобасы аясында 8,7 шақырым жолдың 7,7 шақырымы қайта жаңартылды. Бірінші кезеңнің маршрут учаскесі Ғ.Мұстафин - Сүлейменов - Жандосов – Тимирязев көшелерімен Желтоқсан көшесіне дейін барады.

«Жандосов көшесінде Сүлейменов көшесінен Н.Тілендиев көшесіне дейін жұмыс жасалып жатыр. Биыл жер учаскелері сатып алынып, ғимараттар бұзылды. Құрылысты 2021 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланып отыр», - деп хабарлады басқармадан.

Бұған дейін, BRT құрылысының бірінші кезеңі қыркүйек айында аяқталады деп мәлім етілген.

BRT құрылысының екінші кезеңіне келетін болсақ, қазіргі уақытта Алматыда жүрдек автобус желісі құрылысының жоба–смета құжаттары әзірленіп жатыр. BRT жобасының екінші кезеңі, яғни 13 шақырымдық учаскесі Желтоқсан көшесімен Төле би, Шығыс айналма жолы, Halyk Arena тұсындағы депоға дейін барады.

«BRT құрылысы қаражат бөлінген жағдайда 2021 жылдан басталады. Сараптама қорытындысы шыққан соң республикалық бюджетке сауал жіберуіміз мүмкін. Келер жылы бастасақ, құрылыс жұмыстарына шамамен 22 ай кетеді. Құрылыс жұмыстары 1,5-2 жылға созылады», - деді қалалық Мобилділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Әбжахан.

Жоба құны шамамен 12 млрд доллар деп бағаланып отыр.

Ақпарат көзі: inform.kz