Арнайы комиссия мүшелері тағы 99 өтінімді қабылдаған.
Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде жапа шеккен 17 бизнес иесіне 33 млн теңге көлемінде өтемақы төленді. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы хабарлады. Түрлі деңгейде шығынға батқандарға бөлінген ақшаның 19,7 миллионы жергілікті бюджеттен тағайындалса, қалған 13,3 миллион теңге «Жаңа Алатау» қорының есебінен төленіп отыр,.
Қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде дәріханалар да тоналып, шығынға ұшырады. Бір ғана Алматының өзінде 22 бөлімшесі бар «Добрая» дәріханасының меңгерушісі 6 қаңтарда 4 жігіттің есікті бұзып кіріп, іштегі дәрілер мен бірнеше техникалық құралды ұрлап кеткенін айтады. Миллиондап шығынға батқан кәсіпкерге күні кеше мемлекеттен өтемақы беріліпті. Ол алғашқы болып көмек алған 17 бизнес өкілінің қатарына кіріп отыр.
«Түрксіб және Алмалы аудандарында орналасқан 3 дәріханамызға зақым келді. Алмалы ауданындағы дәріханада үлкен шығын болды, оны басқа комиссия қарайды деп жатыр. Іnfokazakhstan.kz порталы бойынша бейсенбі күні сағат 14.30-да беріп едім, дүйсенбі күні ақшамыз түсті», - деді дәріханалар желісінің меңгерушісі Гүлшат Кардиева.
Бүгінгі таңда арнайы комиссия 140 өтінімді қарастырған. Оның 99-ына 175,8 млн теңге шамасында өтемақы тағайындалып отыр. Ал 29 кәсіпкердің өтініші құжаттардың толық болмауына байланысты кері қайтарылды. Жалпы шығынды өтеуге сұраныс бермес бұрын, тиісті талаппен толық танысу қажет, дейді мамандар.
«Ең бастысы, полицияның қаулысы болуы керек. Сол қаулыда жеке кәсіпкерлік құжаты, жеке куәлік көрсетілген. Іnfokazakhstan.kz порталында 3 формасы бар», - деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қанат Сағындықов.
Қаңтарда болған бейберекеттен қаладағы 1581 бизнес нысаны зардап шеккен еді. Олардың жалпы шығын сомасы 45,6 млрд теңгеге бағаланған. Қазір өңірлік комиссия жұмысына нұқсан келген нысандар бойынша құжаттарды қарастыруды жалғастырып жатыр.
Дереккөз: Almaty.tv.