Алматыда заманауи қоқыс өңдеу зауытының құрылысына капсула салынды

01.06.2026

Алматы қаласында электр энергиясын өндіретін заманауи қоқыс өңдеу зауытының құрылысына капсула салу рәсімі өтті. Іс-шараға Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Junxin Environmental Protection компаниясының төрағасы Дай Даогуо, мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтың және жұртшылықтың өкілдері қатысты.

Салтанатты рәсімге сондай-ақ «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Берденов пен «Жасыл Алматы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Евгений Мұхамеджанов қатысты.

Жоба Мемлекет басшысының экологиялық ахуалды жақсарту және экологиялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында, сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда.

Алматы үшін бұл жоба стратегиялық маңызға ие. Қала халқының өсуі, инфрақұрылымның дамуы және қалдықтар көлемінің артуы қалдықтарды басқарудың заманауи шешімдерін талап етеді. Жаңа зауыт қатты тұрмыстық қалдықтарды көму көлемін азайтып, оларды қайта өңдеу деңгейін арттыруға және қайталама ресурстарды экономикалық айналымға тартуға мүмкіндік береді.

Кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне шамамен 2 мың тонна қалдықты өңдеуге және 60 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіруге жетеді. Бұл экологиялық мәселелерді шешумен қатар, қаланың энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын арттыруға үлес қосады.

«Жасыл Алматы» жобалық кеңсесінің қызметі аясында Алматы қаласын дамыту орталығы экологиялық жағдайды жақсартуға, тұрақты даму қағидаттарын енгізуге және қалдықтарды басқарудың заманауи тәсілдерін дамытуға бағытталған бастамаларды қолдап келеді. Жаңа зауыттың іске асырылуы мегаполистің экологиялық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болмақ.

Жоба халықаралық технологияларды пайдалана отырып жүзеге асырылады және қалдықтарды энергия мен жаңа ресурстар көзі ретінде қарастыратын циркулярлық экономика қағидаттарына сәйкес келеді.

Мұндай кәсіпорындар әлемдік тәжірибеде Сингапур, Копенгаген және Токио сияқты қалаларда табысты жұмыс істеп, қалалардың кешенді экологиялық басқару жүйесінің маңызды бөлігіне айналған.

Жобаны іске асыру қалдықтарды басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға және Алматы қаласының тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді деп күтілуде.

ТӨРАҒА БЛОГЫ