Алматыда вакциналау қарқынын арттыру қажет, өйткені жағдай нашарлауы мүмкін

09.09.2021

Бұл туралы Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев мәлімдеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында сөйлеген сөзінде ол коронавирустық инфекцияның »төртінші толқыны» әлі аяқталмағанын еске салды.

Эпидемиялық жағдайдың жақсаруы коронавирустың төртінші толқыны аяқталды дегенді білдірмейді деп санайды Н. Табынбаев. Сондықтан ол алматылықтарды белсенді вакциналануға шақырды.

«Бүгінде вакцинаның бірінші компонентін 899 784 адам, екінші компонентін 779 870 адам алды», - деп хабарлады Н. Табынбаев.

Алматы ҚДБ басшысының пікірінше, бұл жеткіліксіз, өйткені ұжымдық иммунитет әлі қалыптаспаған. Н. Табынбаев стационарлар штаттық жұмыс режиміне оралатынын, алайда коронавирустық жағдай қайтадан нашарлауы мүмкін екенін еске салды.

«Егер біз індетке қарсы шараларды сақтамасақ, бұл орын алуы мүмкін. Әсіресе, қазір оқушылар мен студенттер офлайн оқуға көшкен кезде», - деді Н. Табынбаев.

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі