22.12.2021

Алматыда Қазақстан Республикасы V қысқы спартакиадасының салтанатты ашылуы өтті.

«Алматы Арена» спорт сарайында өткен спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев құттықтау сөз сөйледі. «Сіздер білесіздер, спартакиада төрт жылда бір рет өтеді. Бұл төртжылдықтың басты жарысы - Олимпиада ойындарының алдында спорт түрлері бойынша ұлттық құрамаға іріктейтін ірі кешенді іс-шара. Спартакиаданы алғаш рет бір қалада, бір жерде өткізуге мүмкіндігіміз бар екені қуантады. Ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді», - деп құттықтаған ол Қазақстан Республикасының V қысқы спартакиадасын ашық деп жариялады.

Спорттық шараның өтетін орындары:Алматы Арена және Halyk Arena көпфункционалды кешендері, Балуан Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайы, »Медеу» мұз айдыны, »Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты, »Алатау» шаңғы – биатлон кешені, »Сұңқар» Халықаралық шаңғы трамплиндері кешені.

Қатысушылар спорттың 14 түрі бойынша ең үздік атағы үшін күреседі: биатлон, керлинг, Конькимен жүгіру спорты, Шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шайбалы хоккей (ерлер), шайбалы хоккей (әйелдер), тау шаңғысы спорты, Шаңғы қоссайысы, трамплиннен шаңғымен секіру, сноуборд, фристайл могул, фристайл акробатика.

Айта кетейік, спорт түрлерінен жарыс 8 желтоқсанда басталып, 27 желтоқсанға дейін жалғасады. Бүгін ақтық мәре басталды.

Шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қаласының спорт басқармасы ұйымдастырып отыр.

 

 

 

 

Дереккөз: Алматы қаласы спорт басқармасы