Алматыда ҰБТ басталды: санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларының бәрі сақталған

06.05.2021

Бүгін әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ базасында ҰБТ басталды. Бір күнде екі лек болады. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. ҰБТ-ға қатысушылар Ұлттық университет ғимараты алдына сағат 7.30-да жиналды. Әрқайсысы тексеруден өтті: жеке басын сәйкестендіру, санитарлық өңдеу, сондай-ақ тыйым салынған гаджеттердің бар-жоғын визуалды тексеру.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының өкілі Жандос Құмғанбетов биыл Алматыда 11 мыңнан астам түлек ҰБТ тапсыратынын хабарлады. Олардың әрқайсысының екі мүмкіндігі бар, бірінші кезең 10 наурыздан 26 сәуірге дейін өтті, ол жоғары оқу орнына ақылы негізде оқуға түсуге мүмкіндік береді. Бүгін, яғни 6 мамырдан бастап грантқа түсуге мүмкіндік беретін ҰБТ басталды. Тестілеу 30 маусымға дейін жалғасады.

«ҰБ-ны екі лек бойынша өткіземіз, таңертең сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін және түстен кейін сағат 14.00-ден 18.00-ге дейін. Бұл карантин шараларын сақтау мақсатында жасалды, әрбір оқушының өз дербес компьютері бар, ал нәтижесін тест аяқталғаннан кейін бірден білуге болады», - деді БҒМ өкілі Жандос Құмғанбетов.

Ұлттық тестілеу орталығының өкілі ҰБТ-ның электронды форматы жаңа заман талабы екенін, оның үстіне ол оқушыларды қатты күйзеліске түсірмейтінін айтты.

ҚазҰУ базасында ақпараттық қауіпсіздік қатаң сақталған, санитарлық нормалардың сақталуын, сондай-ақ аудиторияға тыйым салынған заттардың әкелінбеуін қадағалайтын қызметкерлер кезекшілік етеді. Әзірге бұзушылықтар анықталған жоқ.

Карантиндік шаралардың қатаң сақталуын медицина қызметкерлері, сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері қадағалайды. Тексерушілер, оның ішінде ювеналды полиция қызметкерлері бүкіл периметр бойынша бөлінді, олар тәртіпті қадағалап, тестілеу пунктіне басқа адамдарды жібермеді.

Университет аумағына басқа адамдардың кіруіне болмайды, бірақ ата-аналарға процесті сырттан бақылауға рұқсат берілді, дегенмен бірге келгендер аз болды. Тек қала маңында тұратын түлектердің ата-аналары ғана келген.

Баласы үшін алаңдаушылық білдірген ананың бірі –  Ләззат Нәбиева, оның ұлы Іле ауданының №47 мектебін бітіреді. Ұлы үшін қатты алаңдағанымен, бәрі жақсы өтетініне сенеді, өйткені ұлы бұған дейінгі сынақ тестті сәтті тапсырған.

«Ол осы кезге дейін 120-125 ұпай жинап жүрген. Таңдаған пәні – физика. Бірақ әзірге болашақ мамандығы бойынша шешім қабылдамады. ЖОО таңдау үшін тест нәтижесін күтеміз. Ұлым өзіне электронды нұсқаның көбірек ұнайтынын, оған ыңғайлы екенін, бояуға кететін уақытты үнемдейтінін айтты», - дейді түлектің анасы Ләззат Садыққызы.

Сонымен қатар ҚазҰУ-не кіреберісінде тест тапсырушылар санитарлық тексеруден өтіп жатыр. Оқушылардың әрқайсысы дезинфекциялық туннельден өтіп, дезинфекциялық төсенішті басады. Әрі  жеке бастарын сәйкестендіреді. Кіреберіске санитайзерлер орнатылған. Ал медицина қызметкерлері температураны өлшеп, жаңа бетперде береді.

Әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін кіреберістің периметрі бойынша шектеу белгілері орнатылған. Бетперде режимі сақталған.

«Мен үшін ҰБТ тапсыру қиын емес, тіпті дайындық курстарына да барған жоқпын. Бүкіл мектеп бағдарламасы басымда. Менің екі мүмкіндігім болды, бірақ біріншісінде жалпы нәтиже жақсы болғанымен, Қазақстан тарихы бойынша ұпайым жеткіліксіз болды. Екінші рет барлығын тапсырдым, бүгін ҚБТУ-ға грантқа түсу үшін тырысамын», - дейді Еламан Қалсейітұлы.

Еламанның айтуынша, электронды формат әлдеқайда ыңғайлы, берілген төрт сағаттың ішінде барлық пәндерді екі сағатта немесе одан да ертерек тапсыруға болады.

«Сыныптастарым бланкілерді толтырғанды ұнатпайды және олар бұл форматтың ойлап табылғаны жақсы болды дейді», - деп жалғастырды Еламан.

Ортақ пікірмен №114 орта мектебінің оқушысы Яна Харламова да келіседі. Ол ғимаратқа алғашқылардың бірі болып кірді. Янаның бүгінгі  дайындығы бұған дейінгі тапсырған сынақтарға қарағанда жақсы көрінеді. Оған жаңа формат ұнайды, бірақ ол өзімен бірге калькулятор алып келу жөнінде ұсыныс білдірді. Өйткені компьютерде есептеу үнемі ыңғайлы бола бермейді деп санайды Яна.

Айта кетейік, биыл тест тапсырушылар Face-ID бойынша сәйкестендіруден өтеді. Оқушылардың жеке тұлғасы жеке тұлғаларадың мемлекеттік базасы арқылы тексеріледі. Тыйым салынған заттарды (смартфондар, шпаргалкалар) анықтау үшін отандық прокторинг жүйесі де қолданылады. Тестілеу кезінде тыйым салынған заттар табылған жағдайда оқушы аудиториядан шығарылады.

Биыл ҰБТ тапсыруға кететін шығын айтарлықтай қысқарады. Сұрақ кітапшаларын, жауап парақтарын және басқа құжаттарды басып шығарудың қажеті жоқ. Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінде хабарлағандай, ҰБТ-да 600 млн теңге үнемделеді. Алдағы жылдары бұл сома азаяды, өйткені биыл ҰБТ-ны электронды форматқа ауыстыру шығындары болды.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі