01.12.2021

Бүгін 1 желтоқсанда Алматының қалалық Достық үйі салтанатты түрде ашылды.

Достық үйі еліміздің Тұңғыш Президенті күні ашылды, бұл Алматыдағы этномәдени бірлестіктердің барлық өкілдері үшін үлкен маңызға ие. Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудың бастауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрды. Тұңғыш Президент ұлттық тарихқа деген құштарлық барлық қазақстандықтардың бойында өз бастауларының бірлігі сезімін қалыптастыратынын атап өтті.

Еске салсақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Достық үйлері барлық азаматтық қоғам институттары үшін ресурстық орталықтарға айналуы тиіс екенін атап өтті.

Алматы – көптеген ерекшеліктері және түрлі өлшемдері бойынша бірегей қала. Ең алдымен, этникалық, мәдени әртүрлілік бойынша. Сондықтан мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша ашылған қалалық Достық үйі этносаралық диалог, өзара іс-қимыл және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастық алаңына айналады. Енді 36 этномәдени бірлестік бір шаңырақ астында болады.

Жароков көшесінде орналасқан кең ғимаратта дәстүрлерді, тілдерді, мәдениетті сақтау үшін барлық жағдай жасалған. 24 кабинет, конференц-зал, тіл сыныбы, би залы, медиация және қоғамдық келісім кеңесі кабинеттері, сондай-ақ қоғамдық қабылдау бөлмесі қарастырылған.

Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары, «Ильдаш» татар гуманитарлық даму орталығының төрайымы Нұрия Ниязова Достық үйінің ашылуы қалалық этномәдени бірлестіктер үшін тарихи сәт болып табылатынын атап өтті.

«Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бізге, қалалық Ассамблеяға тұрақты қолдауының арқасында көптен күткен өзіміздің қалалық Достық үйіміз ашылады. Бұл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығында және Тұңғыш Президент күніне орайластырылған. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бүкіл қалалық Ассамблея атынан қалалық этномәдени бірлестіктер үшін осы мерейтойлық сыйлық үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді», - деді Н. Ниязова.

Алматы қаласы ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ахметжан Шардинов ортақ шаңырақ астындағы этномәдени орталықтар мегаполистегі этносаралық келісімді сақтау үшін одан әрі жұмыс істейтінін айтты.

– Достық үйі – бұл біздің қоғамда орныққан үйлесім мен берік бейбітшілікті бейнелейтін символдық нышан. Сондықтан оның ашылуы қаламызда бейбітшілік пен келісімнің сақталуына ықпал ететін тағы бір фактор болуы тиіс. Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдерінің арасындағы бейбітшілік тұрақты экономикалық өсімнің, Әлеуметтік және мәдени прогрестің негізі болып табылады, - дейді А. Шардинов.

Өз кезегінде, «Қазақстандық орыс мәдени орталығының» басшысы, Алматы қаласы ҚХА төрағасының орынбасары Всеволод Лукашев жаңа қалалық Достық үйі енді барлық қауымдар үшін этносаралық қатынастар саласындағы одан әрі жұмыс бойынша нағыз бағдар болады деп есептейді.

- Қалалық Достық үйінің ашылуы қазақстандық бірегейлік пен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, Қазақстанның этностық топтарының дәстүрлерін, тілдерін, мәдениеттерін сақтау, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімді қалыптастыру бойынша ортақ міндеттерді шешуге, сондай-ақ Ассамблеяның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуде этномәдени бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруге ықпал етеді, - деді ол.

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі