20.04.2023

Бүгін Алматыда «Туризм және саяхат» халықаралық көрмесі басталды. 2001 жылдан бері өткізіліп келе жатқан іс-шара Орталық Азиядағы ең ауқымды көрме болып саналады. Биыл оған қатысуға әлемнің 22 елінен 256 туристік компания келді.

Вьетнам, Грузия, Италия, Малайзия, Мальдив аралдары, БАӘ, Таиланд, Түркия сынды мемлекеттен келген өкілдер ұлттық мәдениетін танытуға асық. Сонымен қатар, көрмеге ірі отандық туристік агенттіктер мен әуе компаниялары қатысып жатыр.

«Бұл көрме биыл елімізде 21-рет өтіп жатыр. Әлемдік пандемиядан кейін есігімізді қайта аштық. Осы жылы фестивальге қатысушылардың саны 20 пайызға артты. Нарықта да сұраныс көбейгенін байқауға болады. Осы көрме арқылы біз туризм саласының жағдайын да бақылай аламыз», – деді халықаралық көрменің бас директоры Виктория Павленко.

«Біріншіден, көрменің мақсаты – жалпы турбизнестің дамуын, бүгінгі күндегі қалпын көрсету, екіншіден, басқа туристік агенттіктермен қарым-қатынасты жақсарту», – деді «Kazakh tourism» Ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Талғат Аманбаев.

Халықаралық көрмеде туристік компаниялар өзін таныстырып қана қоймай, мамандар тәжірибе алмасып, тікелей келіссөз жүргізуге мүмкіндік алды. Алматы қаласы әкімдігі ресми қолдау көрсеткен іс-шара 3 күнге созылады.

 

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv