Алматыда төтеншеліктер пиротехникалық зат сату орындарын тексерді

22.12.2022

Мақсат – тауардың талапқа қаншалықты сай келетінін тексеру.

Пиротехникадан келер қауіп көп. Былтырдың өзі жаңа жылдық демалыста қала бойынша 15 өрт жағдайы тіркелген.

«Мұның бәрі қауіпсіздік ережесін сақтамаудан», - дейді мамандар.

Өрт оқиғасы мерекеде өршіп кетеді деген төтеншеліктер бүгін аудан аумағындағы пиротехника сататын орындарды аралады. Мақсат – тауардың талапқа қаншалықты сай келетінін тексеру. Өкініштісі, саудагерлер арнайы рұқсаттаманың жайына назар аудара бермейді, ережені сақтамайды. «Ал бұл өз кезегінде жауаптан жалтаруға, оқыс оқиға бола қалса, бас алып қашуға себеп», - дейді мамандар.

«Жыл сайын қала аумағында орта есеппен жаңа жыл мерекесі кезінде 15 өрт оқиғасы тіркеледі. Оның 15 пайызы пиротехникалық өнімдерді қолдану кезінде. Сондықтан, соңғы 6 жылда 80 өрт болды. Оның ішінде 10-ы пиротехникалық өнімдер себебінен», – деді Алмалы аудандық тжб бас маманы Ербол Әлімқұл.

Осы және өзге де өрт қауіпсіздігінің алдын алу шараларымен таныстырған мамандар тексерістің әлі де күшейе түсетінін айтады. Өйткені, тілсіз жаудан зардап шегіп, тіркелгендердің саны азаймай тұр.

«Көбінесе өрт жағдайы электр тоғының кесірінен болады. Түнгі уақытта кейбір жалға алушылар жарықты өшірмей тастап кетеді. Осы жағдай бойынша қазір шара қолданамыз», – деді Сауда орталығы өрт қауіпсіздігі бөлімі басшысының орынбасары Таңжарық Құрманов.

Жазатайым жайттан сақтану үшін қауіпсіздікті сақтау аса маңызды. Мамандар әуелгі кезекте мерекелік отшашуды арнайы дүкендерден ғана сатып алуды ұсынады.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.