Алматы қаласының комендатурасы 19.01.2022 жылы сағат 00:00-де қалада төтенше жағдай режимі мен коменданттық сағаттың аяқталатынын мәлімдеді.
Алайда комендатура қала аумағында антитеррорлық іс-шара режимі және террористік қауіптіліктің «қызыл» деңгейінің сақталғаны туралы еске салады.
«Терроризмге қарсы іс-шаралар аясында Алматы қалалық ПД, Ұлттық ұланның және ҚР қорғаныс Министрлігінің әскери қызметкерлерінің күштері қаланы тәулік бойы патрульдеуді қамтамасыз етеді. Блок-бекеттер жұмысын жалғастыруда», - делінген хабарламада.
Террорлық қауіп-қатердің «қызыл» деңгейінде құқық қорғау органдарына азаматтардың заттарын, көлік құралдарын жеке тінтуге, сондай-ақ олардың қозғалысын уақытша шектеуге немесе тыйым салуға рұқсат етілгенін еске саламыз. Шерулер мен митингтерге тыйым салынады.
«Құқық қорғау органдарының жұмысына түсіністікпен қарап, олардың заңды талаптарын орындауларыңызды сұраймыз. Антитеррорлық іс-шара режимінің аяқталу мерзімі туралы қосымша хабарлаймыз», - делінген хабарламада.
Дереккөз: Almaty.tv.