Алматыда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің жиыны басталды. Шара ұйымның 30 жылдық мерейтойына арналды.
Салтанатты отырысқа ТМД ПАА Кеңесінің төрағасы, РФ Федералдық жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко бастаған ТМД ПАА қатысушы елдердің парламенттік делегацияларының басшылары қатысуда.
Шара тарихи жерде өтіп жатыр. Себебі, 1992 жылғы 27 наурызда дәл осы Алматыда Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан парламенттерінің төрағалары ТМД Парламентаралық Ассамблеясын құру туралы келісімге қол қойды. Кейінірек оларға Әзербайжан мен Молдова парламентшілері қосылды.
Ассамблея Достастық парламентшілердің өзара іс- қимылы, саяси, әлеуметтік- экономикалық және ортақ мүддені білдіретін басқа да мәселелерді талқылайтын басты алаңға айналды.
Ассамблея Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мемлекетаралық органы. Және ол қатысушы мемлекеттердің Парламенттік делегациясынан құрылған.
Үлгі заңдар мен басқа да құжаттарды әзірлеу - ТМД ПАА-ның негізгі міндеттерінің бірі. Ассамблея қабылдаған құжаттар бағыт-бағдар ретінде қызмет етеді. Қазіргі уақытта Парламентаралық Ассамблея 600-ден астам үлгі құжатты қабылдады.
Сайлау мен референдумдарды бақылау – Ассамблея жұмысының тағы бір маңызды бағыты. Сонымен қатар ТМД елдеріндегі сайлау процестеріне мониторинг жүргізеді.
Дереккөз: inform.kz