Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров онлайн форматта мегаполис аумағындағы ЖОО ректорларымен кеңес өткізді.
«Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» аясында жатақхана құрылысының барысы қаралды. Басты міндет – студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту, студенттерді жатақханадағы орынмен қамтамасыз ету.
Алматыда 6 жатақхана пайдалануға берілді, 2 нысанның құрылысы жүргізілуде, аяқтау 2022 жылдың басына жоспарланған. Сонымен қатар 30 жатақхана құрылысы бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жаңа нысандарды салу үшін барлығы 22 жер учаскесі анықталды. Жалпы, Алматыда жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында 16 мыңнан астам төсек-орын құру жоспарланған.
Кеңеске Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Халықаралық бизнес университеті (UIB), Каспий қоғамдық университеті, Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Алматы технологиялық университетінің басшылығы қатысып, сөз сөйледі.
Көтерілген мәселелерге қалалық Жер қатынастары басқармасының басшысы А. Самамбетов, Қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары О. Төлебаев түсініктеме берді.
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров тиісті басқармаларға «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қағидаттарын ескере отырып, жатақханалар салу жөніндегі жобаларды іске асыру, сондай-ақ рәсімдік мәселелерді жеделдету мен жоспарланған объектілерді уақтылы және сапалы пайдалануға беруді қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.
Естеріңізге сала кетейік, жатақхана құрылысы инвесторлар қаражаты есебінен жүзеге асырылады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімдеріне сәйкес, нысан пайдалануға берілгеннен кейін 8 жыл ішінде инвесторлар үшін инвестициялардың қайтарымы регламенттелген. Осыған байланысты пандемия және инвесторлардың экономикалық қиындықтары жағдайында құрылыс мерзіміне өзгерістер енгізілді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі