Алматыда шеткі ықшамаудандардағы инженерлік инфрақұрылымдардың құрылысы жалғасуда

16.09.2020

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Түрксіб ауданының жаңа ықшамаудандарында салынып жатқан сумен қамту және суды бұру желілерінің, жолдардың, көше жарығы құрылыстарының қарқынын тексерді.

Алматы әкімі Б. Сағынтаев Instagram-дағы өзінің парақшасында мегаполистің аудандарына жасаған жұмыс сапары туралы үнемі айтып келеді.

Бүл ретте қала әкімі жолдардың, инженерлік инфрақұрылымдардың құрылыстарына, аумақтардың абаттандырылуына және тұрғындардың әлеуметтік өтінімдерінің шешілуіне айрықша назар аударады.

«Қалаға қосылған кенттердің тұрғындары, енді бұл ықшамаудандар, бірнеше жылдан бері коммуналдық-тұрмыстық жағдайдың жақсаруын күтті. Қала тұрғындарының өтініштерін ескеріп, өткен жылы шет аймақтарды дамытуға бағытталған «Жаңа Алматы» кешенді жоспарын әзірледік», - деп жазды Б. Сағынтаев.

Кешенді жоспардағы міндеттердің қалай іске асып жатқанымен қала әкімі Түрксіб ауданына жасаған жұмыс сапары барысында танысты. Мұнда бірден үш ықшамауданда – Қайрат, Әлмерек пен Нұршашқанда жыл соңына дейін 150 шақырымнан астам сумен қамту және суды бұру желілерін салу жоспарланған. Сапалы ауыз сумен 12 мың тұрғын қамтамасыз етіледі. Желілер төселгеннен кейін жол жамылғысы да ретке келтіріледі.

Бұдан өзге, оның мәліметі бойынша, Әлмерек, Қайрат, Маяк, Жас Қанат, төменгі Пятилетка, Нұршашқан сияқты алты ықшамаудандағы 614 көшеге сыртқы жарық жүйелері орнатылады.

«Ауданда 12 көшедегі 9,3 шақырым болатын жол орташа жөндеуден өткен. 2021 жылы Нұршашқан ықш.-дағы 25 көшеде 5,1 шақырымға жететін жаңа жол салу жоспарлануда. Қала тұрғындарының өмір сүру ортасын жақсарту жұмыстары жалғасуда», - деп атап өтті мегаполис әкімі.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі