Алматыда Шармановтың халықаралық сыйлығын салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті

19.10.2021

Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев Т. Шарманов Қоры Қамқоршылық кеңесінің жиынына қатысты, оның барысында денсаулық сақтауды дамытуға елеулі үлес қосқан шетелдік және қазақстандық ғалымдардың еңбегі атап өтілді.

Профессор Төрегелді Шармановты туған күнімен құттықтай отырып, Алматы әкімі Б. Сағынтаев оның отандық денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.

Б. Сағынтаев коронавирус пандемиясына қарсы күресіп жүрген медицина қызметкерлеріне алғыс айтты. Бүкіл қоғамның күш-жігерінің, азаматтардың жауапкершілігінің әрі медиктердің ерлікке толы жұмыстарының арқасында пандемия шегіне бастады.

2021 жылғы 16 ақпанда Қазақстанда Т. Шармановтың Халықаралық қоры құрылды, оның қызметі денсаулыққа қатысты жалпыға бірдей құқық идеясын дамытуға бағытталған. Қор қызметі аясында Шармановтың халықаралық сыйлығының лауреаттарына марапаттар салтанатты түрде табыс етілді. Алқалы марапатқа алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға қосқан үлесі үшін Джонс Хопкинс университетінің шетелдік ғалымдары Дэвид Бишай мен Майк Шлайф, сондай-ақ қазақстандық дәрігерлер, COVID-19 диагностикасы мен емдеу хаттамасын әзірлеуші инфекционистер – Бақыт Көшерова мен Амангүл Дүйсенова ие болды.

Т. Шармановтың халықаралық қорының миссиясы – денсаулық сақтау және дұрыс тамақтану саласындағы жас және болашағы зор ғалымдардың жобаларын қолдау болып табылады. Бұдан басқа, қор диетологиямен айналысатын әлемдік академиялық орталықтарда мамандардың тағылымдамасына гранттар беруді жоспарлауда.

Т. Шарманов – еліміздегі медицинаның ірі ұйымдастырушыларының бірі, Қазақстан мен Орталық Азия республикаларындағы нутрициологтар мектебінің негізін қалаушы. Ол 1978 жылы Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ қамқорлығымен алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі халықаралық конференцияны өткізудің бастамашысы ретінде әлемдік және қазақстандық денсаулық сақтауға зор үлес қосты. Конференция қорытындысы бойынша әлемдік денсаулық сақтаудағы негізгі құжаттардың бірі – Алматы декларациясы қабылданды, онда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің ұлттық жүйесін ұйымдастыру тұжырымдамасы алғаш рет баяндалды.

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі