Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Сәтбаев университетінің 90 жылдығы мен Қазақстандағы геологиялық мектептің негізін қалаушы және Ұлттық ғылым академиясының алғашқы президенті Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Еуразияның ғылыми-инженерлік қауымдастығының алдындағы төртінші өнеркәсіптік революцияның сын-қатерлері»атты Халықаралық ғылыми форумның ашылу салтанатына қатысты.
Форумның ашылуында қала әкімі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау жеделхатын оқып, университет ұжымын мерейтоймен құттықтады.
Форум 11-15 қараша аралығында Алматы қаласында өтеді. Оған 22 елден 200 ұйым мен кәсіпорынның, қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының, елшіліктер мен консулдықтардың өкілдері қатысады.
Бағдарлама аясында STROYTECH инженерлік орталығы мен технопаркінің, Hyundai Engineering зерттеу орталығының ашылуы, Массачусетс технологиялық институтының стандарттары бойынша құрылған Customized FabLab таныстырылымы өтеді. Форум барысында пленарлық отырыс, технологияларды трансферлеу, мемлекет, ғылым және бизнестің өзара әрекеттестігі, жас ғалымдардың мансаптық өсуі жөнінде панельдік сессиялар ұйымдастырылады.
Жақында Сәтбаев университеті екі тарихи жетістікке қол жеткізді. Университет QS Stars сыйлығына ие болып, халықаралық серіктестермен білім беру бағдарламаларының жоғары деңгейін растады. Сонымен қатар, Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Азиядағы үздік 100 университеттің қатарына еніп, 4000 азиялық жоғары оқу орнының арасында позициясын нығайтты. Ол Shanghai University, Pusan National University сияқты университеттермен қатар тұрып, University of Macau, Singapore Management University секілді беделді азиялық жоғары оқу орындарын басып озды.