Чемпионаттың жүлде қоры 4 млн теңге.
Мұғалімдердің орнын роботтар баса ала ма? Темір адам қандай функцияларды атқарады? Бүгін Алматыда оқушылар бірегей жоба ұсынды.
Республика деңгейінде өтіп жатқан робототехника бойынша ашық чемпионатқа 7 мен 22 жас аралығындағы оқушылар мен студенттер қатысып жатыр. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жарыс биыл 7 рет өтуде. Чемпионаттың жүлде қоры 4 млн теңге.
Әли-Ислам мен Асылжанның бүгінгі ұсынған жобасы ерекше. Есімін Аликош деп атаған бұл роботтың мүмкіндігі көп. Сабақ бере алады, балаларды оқыту әдісі бөлек, сонымен бірге құрылғы бойында ауа тазартқыш фильтр де бар екен. Арнайы құралмен басқарылатын темір адам әзірге тек математика мен физика пәндерін оқыта алады. Тек мұғалім қызметін атқарып қана қоймай, оқушылармен диалог жүргізіп, сұрақтарына жауап та береді, – дейді құрастырушылар.
«Алғашқы функциясынның бірі – камера. Камерада қазір транслация жүріп жатыр. Ол сыныпқа кірген кезде қосылады. Камера арқылы ата-ана балаларының немен айналысып отырғанынң онлайн бақылай алады. Қазір балаларға кітап оқыған қызықсыз. Алдағы уақытта бізді қаржыландырса, біз бір сыныпты болса да планшеттермен жабдықтағымыз келеді. Біздің роботомыз планшеттерге қосылады. Сол арқылы сабақ жүреді», – деді чемпионат қатысушысы Әли-Ислам Құрмағалиев.
Көпшілікті таңқалдырғаны–роботтың қазақтың ұлттық аспабы домырада ойнау алуы. Әзірге тек Дәулеткерейдің «Қос алқа» күйін тарта алады екен. Жас өнертапқыштар роботты шамамен екі айда құрастырып шығыпты. Оқушылар алдағы уақытта темір адамның мүмкіндіктерін толықтырмақ ниетте.
«Өздеріңіз көргендей, мұнда түрлі түсті қағаздар орналастырдық. Бұл музыкадағы 7 нотаны білдіреді. Осы ноталарды ретімен басу арқылы әуезді күй шертеді. Робот тек күй тартып қана қоймай, домбарының тарихын және күй туралы ақпарат та оқи алады. Бұл құрылғыны көбіне мектепте музыка сабағында қолдануды ұсынамыз. Себебі оқушыларға сабақ түсіндіруде бұл таптырмас әдіс деп айтуға болады», – деді чемпионат қатысушысы Иван Сон.
Қатысушылар негізінен робототехника, жаңа технологиялар және бағдарламалау саласында сайысқа түсіп жатыр. Чемпионат биыл жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған 98 білім мекемесі қатысып жатыр. Әділ қазылар ұсынған жобалардың ішінен әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған бағдарламаға баса назар салатынын айтады.
«Бірінші бағыт бізде – жаңашылдық. Яғни қатысушының бір мәселені шешуге деген жаңа көзқарасы. Бұл жерде идея қалыптасады. Екінші ол бұл идеяның техникалық деңгейде орныдалғаны. Үшінші ол әрине комерциялық мәселесі. Бұл жоба кейін қалай масштаб бола алады? Ары қарай қалай дамиды деген сұрақтарға жауап іздейміз», – деді қазылар алқасының мүшесі Ерғали Дәулетбек.
Білім беру ұйымдары арасында өтіп жатқан чемпионат екі күнге созылады. Жеңімпаз атанған 11-сынып оқушыларына еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарына білім гранттары табысталады. Ал үздік 4 жобаның әрқайсысына 1 млн теңгеден берілмек. Бұл қаражат олардың бағдарламасын одан әрі іске асыруына үлкен мүмкіндік, – дейді ұйымдастырушылар.
Дереккөз: Almaty.tv.