Алматыда орта білім беретін 205 ұйымда қосымша бейнебақылау жүйесі орнатылады

04.11.2020

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, ҚР «Кәсіпкерлік Кодексінің» 137-бабы 2-тармағы 1-тармақшасы және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрықтары негізінде 2020 жылдың есепті кезеңінде 48 білім беру мекемесіне профилактикалық бақылау жүргізілді. Тексеру шараларының қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарына анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін ұйғарымдар берілді, барлық ұйымдар жойылған заң бұзушылықтар бойынша материалдар тапсырды. Бұл туралы Алматы қаласы Білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі департаментінің басшысы Гүлнәр Ермекбаева хабарлады. 

Департамент Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің тапсырмасына сәйкес, орта білім беру ұйымдарында «Бейнебақылау» бойынша мониторинг жүргізілді. Мониторинг қорытындысы бойынша 205 орта білім беру мекемесінде бейнебақылау жүйесін орнату туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты Алматы қаласы Білім басқармасы 2021 жылға орта білім беру ұйымдарында бейнебақылауды жаңартуға  қаржы жоспарлау мәселесін қарастыруда.  

Есепті кезеңде департаментке 66 өтініш түскен. Білім саласындағы заңнама нормаларына сәйкес, өтініш білдіргендерге жазбаша түсініктеме беріліп, олардың заңды өтініштері қанағаттандырылды.

Балалардың құқығы мен мүддесін қорғау — мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Департамент балалар құқығын қорғау, балалардың қараусыз және бақылаусыз жүруіне қарсы іс-қимыл, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу бойынша мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес және басқа ұйымдармен өзара әрекеттестікті жүзеге асырады.  

 «Біз кәмелетке толмағандарға қатысты ақпаратты пысықтаймыз, сондай-ақ «Бала қорғау» чатында, әлеуметтік желілерде азаматтардың балалар құқығын қорғау мәселелері жөніндегі өтініштері бойынша түсініктеме береміз», — деді Г. Ермекбаева.

Үстіміздегі жылы білім туралы 2979 құжатқа апостиль қойылды, оның 89-ына электрондық үкімет порталы арқылы апостиль қойылды. «Е-лицензиялау» порталына 107 өтініш түсті, 101 мемлекеттік қызмет көрсетілді, 6-уы қаралуда.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі