Алматы қаласының наубайханаларында әлеуметтік нан өндіру үшін ұн қорының жеткілікті мөлшері бар. Бұл туралы Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы мәлім етті.
«Нан бағасының өсуіне жол бермеу үшін «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» қорынан 38 мың тонна субсидияланған астық жеткізілуде (құны тоннасына 90 мың теңге). Бүгінде «Ақсай нан», «Алматыдан» және «Рузинан» наубайханаларына астық жеткізілді», - деп мәлімдеді басқармада.
Басқарманың мәліметінше, мегаполиске ай сайын 4 мың тоннадан астам астық жеткізіліп отыр. «Субсидияланған астық есебінен қаланың нан-тоқаш комбинаттары ірі сауда желілерінде нанның бағасын бір бөлке үшін 80 теңге және «үй жанында» дүкендерінде бір бөлке үшін 90 теңге бағасын бекітті», - деп нақтылады Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасында.
Естеріңізге салайық, бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров елімізде ешқандай астық тапшылығы жоқ және жеткілікті мөлшерде астық бар екенін мәлімдеді.
Ақпарат көзі: inform.kz.