26.09.2022

Жеке тұлғалардың мүлік салығын төлемейтін тұлғалардың толық тізімі Салық кодексінің 526-бабында көзделген.

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Қуаныш Түменбаевтың қатысуымен брифинг өтіп, мүлік салығына қатысты сұрақтарға жауап берді.

Айта кетсек, ағымдағы жылдың 1 қазанында 2021 жылға арналған жеке мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады. Меншігінде тұрғын үйлері, пәтерлері, саяжайлары, гараждары және басқа да ғимараттары бар тұлғалар жеке тұлғалардың мүлкіне салық төлеушілер болып табылады.

«Әрбір салық салу объектісінің құны тұрғын үйдің пайдалы алаңын, аймақтарға бөлу коэффициентін, амортизацияны және т.б. ескере отырып анықталады. Осы мәліметтер негізінде салық органдары салық ставкасын салық салудың құнына қолдану арқылы объекті, жыл сайын 1 шілдеге дейін мүлік салығының сомасын есептейді. Салық кодексінде салықтың прогрессивті ставкасы қарастырылған, нысанның құны неғұрлым жоғары болса, салық мөлшері де соғұрлым көп болады», - деп түсіндірді Қ.Түменбаев.

Салықтың есептелген сомасы негізінде жеке тұлғаларға тапсырыс хатпен хабарламамен бірге жіберу арқылы, салық төлеушінің жеке кабинетіне электронды түрде, сондай-ақ мобильді қосымша арқылы электронды түрде жеткізілетін хабарламалар қалыптастырылады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін олар Alseco коммуналдық төлемдері арқылы, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің электронды өтініштері арқылы хабардар етіледі. Жеке тұлғалар 1 қазаннан кешіктірмей хабарламада көрсетілген салық сомасын төлеуге міндетті.

Мысалы: егер пәтер құны 10 млн теңгені құраса, онда салық сомасы 11 600 теңгені құрайды. Құны 50 млн теңге болатын пәтер бойынша салық 196 600 теңгені құрайды.

«Егер салық кезеңі ішінде салық салу объектісі меншік құқығында он екі айдан аз болса, мұндай объектілер бойынша төленуге жататын мүлікке салынатын салық салық сомасын он екіге бөлу және салық салу объектісінің меншік құқығында болуының нақты кезеңі айларының санына көбейту жолымен есептелетінін атап өту қажет», - деп жалғастырды МКД спикері.

Бірнеше жеке тұлғалардың ортақ үлестік меншігіндегі салық салу объектісі үшін салық олардың осы мүліктегі үлесіне пропорционалды түрде есептеледі.

Салық салу объектісі жойылған, қиратылған, сүрілген жағдайда уәкілетті мемлекеттік орган берген жойылу, қирау, бұзу фактісін растайтын құжаттар болған кезде салық сомасы қайта есептеледі.

МКД өкілі жеке тұлғалардың қайсысы мүлік салығын төлеуден босатылатынын атап өтті. Олардың ішінде: Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған, үш дәрежелі Даңқ орденімен және «Отан» орденімен марапатталған адамдар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілген ардагерлер, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар 18 жасқа толғанға дейін; «Батыр Ана» атағына ие болған, «Алтын алқа» алқасымен наградталған көп балалы аналар және басқалар.

Жеке тұлғалардың мүлік салығын төлемейтін тұлғалардың толық тізімі Салық кодексінің 526-бабында көзделген.

Бұл ретте жыл сайын салық органдарында жеңілдікті растаудың қажеті жоқ. Салық органдары жыл сайын ҚР ҚМ МКК-ден жеңілдік берілген адамдар бойынша мәліметтер алады.

«Бүгінде Алматы қаласы бойынша жеке тұлғалардың мүлкіне салық салынатын жеке үйлердің, пәтерлердің, саяжайлар мен гараждардың саны 616 365 құрайды, бағалау құны 3063 млрд теңге. Өткен жылмен салыстырғанда салық салу объектілерінің саны 32 171-ге артып, бағалау құны 258 млрд теңгені құрады. Айта кету керек, жаңа салық салу нысандарының жартысы – 15 973 Наурызбай ауданына тиесілі», - деді Қ.Түменбаев.

Биылғы жылы есептеулер меншік құқығында 3,9 млрд теңге сомаға 616 365 салық салу объектісі бар 505 мың тұлға бойынша жүргізілді, өткен жылмен салыстырғанда есептелген салық сомасы 300 млн теңгеге артық (2021 жылы есептеулер 3,6 млрд теңге сомаға 584 194 объект бойынша жүргізілді).

23.09.2022 ж. жағдай бойынша 505 мың тұлғаның ішінде 2021 жылы мүлік салығын төлеу бойынша міндеттемелерді 440 мың адам жалпы сомасы 2,9 млрд теңгеге орындады. Бұл ретте 945 млн теңге салық сомасы бар 65 мыңнан астам тұлға жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу бойынша міндеттемелерін әлі орындамаған.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.