Алматыда мониторинг топтарының жұмысы және карантин тәртібін бұзушыларға қолданылатын санкциялар нәтижесі қаралды

27.10.2020

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасын орындау аясында әкім орынбасары Ержан Бабақұмаров мегаполис аумағында шектеу шараларының сақталуын бақылау бойынша мониторинг топтарының  жұмысын одан ары күшейту жөніндегі жұмыс кеңесін өткізді. Осы уақыттағы жұмыс қорытындысы жасалып, мобильді мониторинг топтары жұмысының жаңа алгоритмі қаралды.

Басты мақсат — коронавирус инфекциясының одан ары таралуына жол бермеу үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету. Осыған байланысты 26 мобильді мониторинг тобы санитарлық-эпидемиологиялық шектеу талаптарының бұзылу фактілерін анықтау бойынша сәйкес материалдарды (фото-, видеотіркеу, рапорт және т.б.) аумақтық денсаулық сақтау ұйымдарына, ары қарай Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жедел жолдайды.

Санитарлық ережелер мен шектеу шараларын жүйелі түрде (2-3 рет) және қасақана бұзу фактілері анықталған жағдайда материалдар құқықбұзушыларды ӘҚБтК-тің 462-бабы 3-бөлімі бойынша жауапқа тарту және іс қозғап, сотқа беру үшін аумақтық прокурорларға беріледі. Заңнамаға сәйкес, бұзушыларға ұйымның қызметін тоқтата тұруға дейінгі жауапкершілік қарастырылған.

Атап өтетін жайт, іс бойынша өндірістің барлық сатыларында азаматтардың және заңды тұлғалардың құқықтарын (ӘҚБтК-тің 744, 746 және 747 баптары) қатаң сақтау қамтамасыз етілетін болады. Бұл ретте жасалған құқықбұзушылықтың мәнін түсіндіру мүмкіндігі үшін лауазымды тұлғаларда өзімен бірге қағаз түрінде немесе электронды форматта (планшетте) нормативтік құқықтық акт болуы керек.

Алматыда оқиға орнында эпидемияға қарсы шаралардың орындалуы бойынша ұйымдар мен нысандарға тексеру күнделікті жүргізіледі. Осы мақсатта аудандық әкімдіктер жанынан 26 мониторинг тобы жұмыс істейді. Қызметіне уақытша тыйым салынған нысандар (түнгі клубтар, караоке және т.б.), сонымен бірге адамдар жаппай жиналатын салтанатты, отбасылық шаралардың өткізілуі (үйлену тойлары, мерейтойлар, банкеттер) анықталды. Осы жылдың 8 қазанынан бері мониторинг топтары 1972 нысанды тексерді, оның ішінде 493 объектіде карантиндік, соның ішінде маска режиімінің бұзылуы анықталды. Жеке тұлғаларға қатысты ҚР ӘҚБтК-тің 425-бабының 1-бөлімі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы 128 хаттама толтырылды.

Алгоритмге сәйкес, бүгінгі таңда Алматы қаласы Полиция департаметінің аудандық басқармалары мобильді топтардың Алматы қаласы бойынша шектеу шараларының бұзылуын анықтау бойынша 140 материалды  аумақтық денсаулық сақтау ұйымдарына жолдады. Медициналық ұйымдардан санитарлық-эпидемиологиялық қызметке 57 жедел хабарлама түскен. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Алматы әкімдігі кәсіпкерлік субъектілерінен меншік формасына қарамастан, сонымен қатар, мегаполистің тұрғындары мен қонақтарынан санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын бұзбауды сұрайды. Атап айтқанда, маска режимін, 1,5-2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтап, COVID-19-ды жұқтырудың жоғары қаупіне байланысты қызметіне тыйым салынған, адамдар көп жиналатын орындар мен мекемелерге барудан аулақ болу қажет.  

Тәуекел тобы: 65 жастан асқан қарттар, кез келген жастағы ауыр созылмалы аурулары бар адамдар, тыныс алу жолдары ауруларымен, аутоиммундық, жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулармен, қант диабетімен ауыратын адамдар үйде қалғаны жөн. Адамдар көп жиналатын орындарға, оның ішінде үйлену шараларына, жерлеуге, еске алуға, митингілерге және т.б. бару өте қауіпті.

Қаланың барлық тұрғындары жеке гигиена ережелерін сақтауы керек:

— құшақтау мен қол алысуды қоса алғанда, физикалық байланысты болдырмау; қолды сабынмен жиі жуу; үйден тыс жерде қолдың беткі қабаттармен жанасуы кезінде қорғаныш үшін бір рет қолданылатын майлықтарды қолдану; үй-жайларды желдету; әрдайым шынтаққа жөтелу және түшкіру; мұрын мен ауызды бір рет қолданылатын майлықпен жабу;

— үйден шығар алдында медициналық маска, сондай-ақ жеңі ұзын сыртқы киім кию керек;

— үйге қайтқанда маска мен қолғапты мұқият шешіп, герметикалық түрде пакетке орап, тастау керек. Дереу қолыңызды жуыңыз немесе залалсыздандырыңыз. Сөмке, кілт, әмиян, телефон, аяқ киімнің табанын және т.б. дезинфекциялық ерітіндіге малынған шүберекпен сүртіңіз. Сондай-ақ сыртқа шығарған үй жануарларының табанын жуу керек.

Азық-түлік және азық-түлік емес дүкендерге, дәріханаларға бару кезінде маңызды:

— дүкенде немесе дәріханада адамдардың аз екендігіне көз жеткізіңіз. Адамдар көп жиналған жағдайда көшеде қалып, кейбір сатып алушылар көшеге шыққанша күту керек;

— әлеуметтік қашықтық үшін арнайы белгіні сақтау, адамдардан 1,5-2 метр қашықтық сақтау, әсіресе келген адамдарда жөтел, мұрынның бітелуі және түрі ауырып тұрғандай болса;

— қажет болмаса, тауарға қол тигізбеуге тырысу, тек сатып алу үшін таңдаған затқа қол тигізіңіз;

— герметикалық қаптамалардағы өнімдерді сатып алу;

— мүмкіндігінше төлем картасымен есептесу. Ақшаға немесе басқа заттарға қол тисе, оны құрамында спирті бар құралмен немесе антисептикпен залалсыздандырыңыз.

Сондай-ақ тұрғындарға қоғамдық көлікте қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес беріледі:

— қоғамдық көлікпен жолға шыққанда, қолды дезинфекциялық құралмен өңдеу;

— сапардың соңғы нүктесіне жеткеннен кейін қолды дереу сабынмен жуу;

— егер біреу жөтелсе немесе түшкіре бастаса, ауыз бен мұрынды таза орамалмен немесе майлықпен жабу керек. Мұндай заттар болмаған жағдайда бетті алақанмен емес, шынтақтың ішкі жағымен қорғау;

— жөтелетін немесе түшкіретін адаммен тығыз байланыстан аулақ болу. Көлікте халық көп болған жағдайда келесісін күткен дұрыс;

— қоғамдық көлікте жолаушылармен сөйлеспеу. Олардан мүмкіндігінше алыс болуға тырысу;

— мүмкіндік болса көліктегі терезені ашу;

— сапар кезінде қолмен бетті ұстамау (ауыз, мұрын, көз).

Ата-аналар балалардың барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды, әсіресе ойын алаңдарында сақтауын бақылауды күшейтуі қажет. Балаға қазіргі жағдайды түсіндіріп, оған түсінікті тілде өзін инфекциядан қалай қорғауға болатындығын айту ұсынылады: қол гигиенасын сақтау, қоғамдық орындарда, көшеде қауіпсіз қашықтықта болу, маска кию, қолды бетке тигізбеу.

Коронавирус инфекциясының алдын алу мәселелері бойынша 1406 немесе +7 (727) 3000 505 телефоны бойынша хабарласуға болады.

Бизнес субъектілері, әсіресе сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, дүкендер қаланың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен белгіленген барлық талаптардың толық орындалуын қамтамасыз етуі қажет:

— жауапты тұлғаға жұмыс басталар алдында күн сайын персоналдың байланыссыз термометриясын жүргізу;

— респираторлық инфекцияның кез келген белгілері (дене қызуының көтерілуі, жөтел, тамақтың ауыруы, тыныс алудың қиындауы) бар қызметкерлердің жұмысқа жіберілуін болдырмау, ауру белгілері анықталған немесе пайда болған жағдайда медициналық жедел жәрдем бригадасын шақыру қажет;

— персоналды бір реттік медициналық маскалармен (жұмыс ауысымының және масканы ауыстырудың ұзақтығына қарай 3 сағатта кемінде 1 рет), сондай-ақ бір рет қолданылатын қолғаптармен (ауысымына кемінде 2 рет және бүтіндігі бұзылған жағдайда ауыстыру), қолды өңдеуге арналған тері антисептиктерімен қамтамасыз ету;

— сауда залдарындағы көрінетін және қолжетімді орындарда, кассалық аймақта, нысанға кіре берісте қолды дезинфекциялауға арналған санитайзерлер орнатуды қарастыру, коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша жадынамалар орналастыру;

— аумағы 20 000 ш.м астам сауда нысанына келушілерге термометрия жүргізу үшін басты кіреберісте стационарлық тепловизор орнату, аумағы 20 000 ш.м кем сауда нысандарында байланыссыз термометрлер (тепловизирлер) пайдалану;

— сауда объектілерінің бутиктерінде 4 ш.м жерге 1 адамнан келетіндей келушілер санын шектеуді қамтамасыз ету;

— сауда залдарына кіру әлеуметтік белгілер болған жағдайда жүзеге асырылуы тиіс. Келушілерден маскалардың болуын талап ету, қызметкерлердің келушілермен байланысын барынша азайту. Кассалық аймақта келушілердің топталуын болдырмау және кемінде 2 м болатын әлеуметтік белгі салу арқылы әлеуметтік алшақтықтың сақталуын қамтамасыз ету;

— ауа температурасы мен ылғалдылығының оңтайлы жағдайын қамтамасыз ету үшін желдету және ауа баптау жүйелерін ревизия (тазалау, жуу, дезинфекциялау, сүзгілерді ауыстыру және т. б.) жүргізу. Желдету жүйесімен жабдықталмаған үй-жайларды күніне 15 минуттан кемінде 2-3 рет желдетуді қамтамасыз ету;

— үй-жайларға дезинфекция жүргізу үшін белгіленген тәртіппен тіркелген және оларды қолдану жөніндегі нұсқаулықтарда вирустық инфекциялар кезінде объектілерді залалсыздандыру режимдері көрсетілген, қолдануға рұқсат етілген дезинфекциялау құралдарын пайдалану;

— үй-жайларға күн сайын ылғалды тазалық жүргізу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, келесідей ретпен тазалық жүргізу қажет:

— сауда залдарының едендері, сауда сөрелері – күніне 3 рет;

— эскалаторлардың қозғалмалы таяныштары, есік тұтқалары, кассалық аппараттар, банк терминалы – әр сағат сайын;

— қоғамдық санитарлық тораптар (еден, санитарлық-техникалық жабдық, оның ішінде кран вентильдері, унитаз бөшкелері), эскалаторлардың қозғалмалы таяныштары, лифт түймелері – әрбір 3 сағат сайын;

— жұмыс ауысымы аяқталғаннан кейін (немесе кемінде 6 сағаттан кейін) есік тұтқаларын, эскалаторлардың қозғалмалы таяныштарын, тұтқаларды, үстелдерді, орындықтардың арқаларын (креслолардың шынтақ тіректерін), санитарлық-техникалық жабдықты дезинфекциялық салфеткалармен (немесе дезинфекциялау құралдарының ерітінділерімен) сүрту арқылы дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, үй-жайларға ылғалды тазалық жүргізу қажет. Жинау аспаптарын (шелектер, щеткалар, шүберектер) пайдаланғаннан кейін жақсылап жуу және арнайы бөлінген орындарда сақтау;

— әрбір нысанда тұтыну қажеттілігіне қарай, тазалық жүргізетін құралдардың, дезинфекциялау құралдарының таусылмайтын қорын қамтамасыз ету;

— дезинфекциялау құралдарын өндірушінің қаптамасында, арнайы бөлінген құрғақ, салқын және қараңғы, балалардың қолы жетпейтін жерде тығыз жабылған күйінде сақтау керек. Дезинфекциялау кезіндегі сақтық шаралары және кездейсоқ улану кезіндегі алғашқы көмек шаралары дезинфекциялау құралының қолдану жөніндегі нұсқаулықтарында жазылған;

—дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып және жеке қорғаныш құралдары: халат, қолғап, медициналық маска пайдалана отырып, ылғалды тазалық жүргізу қажет. Дезинфекциялау құралдарымен жұмыс істеуге денсаулық жағдайы бойынша қарсы көрсетілімдері жоқ кәмелетке толған адамдар жіберіледі;

— іргелес аумақты дезинфекциялауды тәулігіне кемінде 1 рет жүргізу;

— COVID-19 коронавирус инфекциясының алдын алу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырып, жүзеге асыруға сауда нысанының әкімшілігі жауапты.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі