Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында сөз сөйлеп, эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты оқушыларды оқыту 17 қаңтардан бастап қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылатынын хабарлады. Мегаполистің барлық оқушылары қажетті компьютерлер мен ноутбуктермен қамтамасыз етілген.
Ләззат Жылқыбаева оқу үдерісін қашықтықтан ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті. Қала бойынша интернетпен жағдай тұрақтанды және оған мектептердің қолжетімділігі де қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар ол ата-аналар компьютерлерге немесе ноутбуктерге, сондай-ақ интернетке қатысты қосымша қажеттілік туындаған жағдайда мектептің бірінші басшыларына немесе аудандық білім беру бөлімдеріне жүгіне алатынын, онда оларға осы мәселелерді шешуге көмектесетінін еске салды.
Оқыту үшін платформалар анықталды (Online Mektep, Bilim Land, Microsoft Teams), сонымен қатар мектептер оқушыларға ыңғайлы болу үшін бұрын қашықтықтан оқыту кезінде қолданылған платформаларды өз бетінше таңдай алады.
«Қашықтықтан оқыту форматында жұмыс тәжірибесі бізде бар, мұғалімдер өткен жылы цифрлық сауаттылықты арттыру курстарынан өтіп, өз жұмыстарын онлайн-режимде жетілдіруді жалғастырады«, - деп хабарлады Алматы Білім басқармасының басшысы.
Баспасөз конференциясы барысында төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын 20 қаңтардан бастап қайта бастау жоспарланғаны белгілі болды. Естеріңізге сала кетейік, 5 қаңтардан бастап олардың қызметі уақытша тоқтатылды. Алматыда барлығы 860 балабақша бар, оның 190-ы мемлекеттік. Алматыда 71 мыңнан астам бала мектепке дейінгі біліммен қамтылған.
Ләззат Жылқыбаева балабақшалар күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты кезекші топтар режимінде жұмыс істейтінін жоққа шығармайды. Мектепке дейінгі мекемелер жұмысының тәртібі туралы қосымша хабарлайтын болады.
24 қаңтардан бастап Алматыда 83 колледжде 73 мыңнан астам студент оқуға кіріседі. Олар үшін оқытудың аралас форматы көзделген, сондықтан дәрістік сабақтар онлайн-режимде өтеді, ал практикалық сабақтар санитариялық талаптарды сақтай отырып, икемді кесте бойынша офлайн ұйымдастырылады.
Қосымша білім беру ұйымдарында 10 адамға дейін жеке және топтық сабақтар офлайн, қалған сабақтар онлайн-режимде өткізілетін болады.
Ләззат Жылқыбаева мұғалімдермен және ата-аналармен кері байланысты қамтамасыз ету үшін білім басқармасында, аудандық білім бөлімдерінде және әрбір білім беру ұйымында 3-тоқсанның басынан бастап бірнеше call-орталықтардың жұмысы жандандырылатынын (нөмірлер ведомствоның сайтында және әлеуметтік желілерде орналастырылады), онда қызықтыратын мәселелер бойынша жүгінуге немесе кеңес алуға болады.
Соңында Алматы қаласы білім басқармасының басшысы ата-аналар мен білім беру ұйымдарының қызметкерлерін қауіпсіздік шаралары мен санитарлық талаптарды сақтауға шақырды. Ол сондай-ақ халықты вакцинациялауға және қайта вакцинациялауға шақырды.
Дереккөз: Almaty.tv