Алматыда Құрбан айт мерекесі қатаң карантиндік шаралар сақтала отырып өтеді

16.07.2021

Коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты Алматы «қызыл» аймақта. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты Құрбан айт мерекесі бойынша барлық іс-шара онлайн форматта өтеді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Алматы қаласының Бас имамы О. Төлеби, Орталық мешіттің наиб имамы Р. Қайыргелді, қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы әрі қаланың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ж. Бекшин Құрбан айт мерекесінде құрбандық шалу бойынша іс-шараларды ұйымдастыру әрі өткізудің ережелері туралы хабарлады.

Алматыда санитарлық-эпидемиологиялық жағдай күрделі. Науқастар санының өсуіне мутацияланған дельта штамының болуы әсер етуде. Осыған орай Құрбан айт мерекесі биыл 20 шілдеде онлайн форматта өтеді.

Еске салсақ, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Құрбан айт мерекесіне қатысты өткен кеңесте қалалық басқармалар мен аудандардың әкімдіктеріне, ветеринарлық және тиісті қызметтерге мереке кезінде инфекцияның алдын-алу және карантиндік шектеулердің сақталуына бақылауды күшейту жөнінде қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Құрбан айт мерекесі кезінде КВИ-дің одан әрі таралуына жол бермеу үшін Алматының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері мен Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамына Құрбан айт мерекесі кезінде қатаң карантиндік шараларды сақтауды тапсырды.

«Қалада коронавирус инфекциясының күрт өршуіне байланысты адам көп жиналатын іс-шараларды, оның ішінде ұйымдарда, сондай-ақ жеке меншік үй мен медреселерде айт намазын өткізуге тыйым салынады», – деді Жандарбек Бекшин.

Алматы қаласы Орталық мешітінің имамы О. Төлебидің айтуынша, күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қала мешіттерінде Құрбан айт намазы оқылмайды.

«Айт намазының орнына үйде екі рәкат нәпіл намазын оқу ұсынылады», – деді имам.

Құрбандық шалу рәсімі qurban2021.kz сайтына тапсырыс бере отырып, онлайн режимде өтеді. Алматы қаласының Бас имамы Оспан Төлебидің айтуынша, құрбандық шалу рәсіміне өтінімдер 15-і мен 22 шілде аралығында сағат 14.00-ге дейін қабылданады.

«Биыл Алматы қаласында Құрбан айт мерекесі кезінде 1108 ұсақ және 50 ірі қара мал құрбандыққа шалынады деп жоспарлануда. Құрбандық еті 5 545 мұқтаж отбасы мен 14 мекемеге бөлінеді», – деді О. Төлеби.

СОVID-19 эпидемиясы жағдайында Құрбан айт мерекесін ұйымдастыру мәселелерін халыққа түсіндіру мақсатында Орталық мешітімен бірлесіп Call-орталықтың жұмысы ұйымдастырылды. Құрбан айтқа қатысты барлық сұрақтар бойынша мына нөмірлерге хабарласуға болады: 8 (727) 329 09 66, 8 778 382 88 36 немесе WhatsApp нөмірі бойынша – 8 775 475 00 83.

Еске салсақ, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, Алматы аумағында 19-ы мен 22 шілде аралығында мал сою цехы мен базарлардың жұмыс істеуіне тыйым салынған. Сондай-ақ малды союға, оны автокөліктер мен жеке үй иелерінен сатуға тыйым салынады. Бір ерекшелігі Алматы қаласының Орталық мешітінде белгіленген онлайн режимінде құрбандық шалынады.

Онлайн режимде құрбандық шалуды жүзеге асыру үшін қала аумағына жануарлардың әкелінуіне жол бермеу үшін Алматы аймағының кіреберістеріне бекеттер орнатылады.

Мұқтаж адамдарға құрбандыққа шалынған малдың етін тарату үшін арнайы адамдар жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіледі. Тез бұзылатын өнімдерді, соның ішінде құрбандыққа шалынған малдың етін тасымалдау және сақтау жөніндегі санитарлық-эпидемиологиялық ережелер қатаң сақталады.

15 шілдеде коронавирус инфекциясының 885 жағдайы тіркелді. Оның 780-і симптомсыз және 105-і симптомды. Инфекциялық стационарларда 2 292 адам, оның ішінде 181 бала жатыр. Реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінде 132 науқас бар. Сондай-ақ 27 – ӨЖЖ, 39 - инвазивті емес ӨЖЖ, 61 High flow аппараты қосылған.

Бүгінде үйде БМСК және телемедицина орталығының мобильді бригадаларының бақылауында 4 326 науқас бар, симптомды жеңіл және орташа дәрежесі бар - 3958, ал симптомсыз – 368 адам бар.

Алматы Орталық мешіті мен қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері Құрбан айт мерекесін өткізудің белгіленген ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Қасиетті құрбандық шалу рәсімі коронавирус инфекциясының одан әрі өршіп, таралмауына тосқауыл болуы керек.

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі