Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ОКҚ-де өткен брифингіде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы айтты.
Бүгінде Алматыдағы қылмыс деңгейі төмендеген. Атап айтқанда, қылмыс саны 47,5%-ке азайды, ал қылмыстарды ашу 11,6%-ке (29,2%-тен 40,8%-ке дейін) өсті.
Мұндай нәтижеге қол жеткізуге келесі кешенді шаралар ықпал етті: полицияның материалдық-техникалық жабдықталуы 87%-ке жеткізілді, бұл – ел бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Жақын арада полицияға 429 планшет табысталады, келесі жылы 33 жаңа көлік алу жоспарланған.
Бейнемониторинг жүйесі енгізілуде. Үстіміздегі жылдың басынан бастап 404 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені іске қосылды, оның 21-і Алматыға кіру және шығу жолдарында орнатылған.
Үстіміздегі жылдың 10 айы ішінде «Сергек» АБК камералары жол ережесін бұзудың 650 мыңнан астам фактісін тіркеді. 4,5 млрд теңгеден астам сомаға айыппұл салынып, 2,6 млрд теңге немесе 57,7% өндірілді.
Модульдік полиция пунктілерін орнату жобасы өзін ақтады. Бұған дәлел — пунктілер орналасқан аудандарда қылмыс деңгейі төмендеді. Сонымен қатар, бұл туралы жергілікті тұрғындар да айтуда. Өткен жылы қылмыс деңгейі жоғары аймақтарда 37 модульдік полиция пункті орналастырылып, оларға жыл басынан бері шамамен 40 мың өтініш түсті.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күнделікті 2 мыңнан астам полиция қызметкері мен ҚР ІІМ Ұлттық ұлан әскери қызметкерлері жұмылдырылады. Олар 550 бағытта патрульдейді, оның ішінде 300 көлік және 250 жаяу бағыт.
Ашықтықты қамтамасыз ету үшін қаланың барлық аудандарында полицияның 11 фронт-офисі жұмыс істейді. Бұл жерде халыққа «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетіледі.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі