Алматыда құрылыс жұмыстарының сапасына қойылатын талаптар күшейтіледі

08.01.2021

Мегаполистің қала құрылысын бақылау басқармасы құрылыс жұмыстарының сапасына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кеңеске құрылыс компаниялары мен бейінді қауымдастық өкілдері қатысып, тұрғын үй құрылысы саласында құрылыс мерзімін сақтау және жұмыс сапасын жақсарту мәселелері қаралды.

Алматыда бүгінгі күні 779 құрылыс нысаны бар, оның ішінде 533 коммерциялық. Қалада құрылыс жұмыстарын барлығы 323 құрылыс компаниясы мен 135 техникалық қадағалау ұйымы жүзеге асырады.

Мониторинг нәтижесі бойынша 2020 жылы құрылыс компанияларының 80%-і жауапкершілікке тартылды. 69 компанияның лицензиясы алты айға тоқтатылды, 154 компания әртүрлі санаттағы құрылыс лицензиясынан айырылды.

Құрылыс нормаларын бұзғаны үшін жыл ішінде салынған айыппұлдың жалпы сомасы 220,3 млн теңге. Оның ішінде жеке тұлғаларға – 124 млн теңге, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне 272 млн теңге айыппұл салынды.

Құрылыс сапасына кері әсер ететін негізігі олқылықтар – жобалық шешімдерден ауытқу және құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында тиісті талаптарды сақтамау.

Мысалы, құрылыстың дұрыс ұйымдастырылмауы, бетон жұмыстары технологиясын және қайта толтыру технологиясын бұзу, көлік жолын қалпына келтірмеу, қауіпсіздік шараларын сақтамау, кірме және операциялық бақылаудың болмауы, жұмыс кестесінен кешігу сияқты фактілер  анықталды.

Техникалық қадағалау функцияларын жүзеге асыру барысында бақылаудың тиісті деңгейде болмауына қатысты 47 тұлға жауапқа тартылды, оның 18-інің жұмысы тоқтатылды.

Алматы әкімі Б. Сағынтаев құрылыс саласын бақылауды күшейтуді және құрылыс жұмыстарының сапасын жақсарту мақсатында кешенді  шаралар әзірлеуді тапсырды.

Ұсынылған іс-шаралар мыналар: құрылыс жүргізушілердің сенімділік рейтингін құру, тұрғын үй құрылысы саласында тәжірибесі жоқ компаниялардың қызметіне шектеу қою. Бұдан өзге, тапсырыс беруші мен авторлық қадағалауға бекітілген жұмыс жобасына құрылыс материалдарына қатысты өзгеріс енгізуге тиым салу тетігін қолдану мүмкіндігі қарастырылып жатыр.  

Техникалық қадағалау есебінің формасы да өзгертілуі мүмкін, мұнда   орындалған жұмыс пен оған қанша адам жұмылдырылғаны көрсетілуі тиіс.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі