Бұл мәліметті Алматы қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Сәуле Махатова өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингінде айтты.
Сәуле Махатова келтірген деректер бойынша бүгінгі таңда Қазақстанда тұтынушыларлардың 112 қоғамдық бірлестігі бар, оның 47-сі тұтынушылардың да, кәсіпкерлердің де құқықтарын бірдей қорғайды.
Департамент өкілі Алматыда ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырысы бойынша қала тұрғындары арасында әлеуметтік зерттеу жүргізілгенін, оларға тұтынушы ретінде құқықтарының қалай сақталып жатқанына баға беру ұсынылғанын айтты.
Зерттеу нәтижесы онлайн-брифингіде жария етілді. Алматы респонденттерінің тек 1%-ы тұтынушы құқықтарының сақталу жағдайын өте жақсы деп бағалаған, 3,6%-ы орташа, 86,8%-ы қанағаттанарлықсыз, 8,6%-ы жауап бере алмады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеудің өзгеруі туралы сұраққа 42,8%-ы жағдай жақсарды, 37%-ы өзгеріссіз, 20%-ы нашарлады десе, 0,2%-ы жауап бере алмады.
Департамент өкілі былтыр ведомствоға тұтынушылардан 1480 шағым түскенін, көрсеткіш 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 есе (440 шағым) артқанын айтты.
Нақты шаралардың арқасында құқықтары бұзылған алматылық тұтынушылардың 27 млн теңгеден астам ақшасы қайтарылды.
«Жалпы, салалық бөліністе электрондық сауда, бөлшек сауда, тұрмыстық қызмет көрсету және көлік салалары проблемалы болып отыр. Мұны әлеуметтік зерттеу де растайды. Респонденттердің 45%-ының электрондық сауда саласында көрсетілген қызметтерге көңілі толмаған, мәселен тапсырыс мерзімі орындалмаған. 45,6%-ының алынған тауардың сапасына көңілі толмаған, 46,4%-ы жиһаз жөндеу және дайындау кезінде проблемаларға тап болған», — деп хабарлады Сәуле Махатова.
Сатылатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасы нашар, жалған ақпараттар жиі беріледі, жиһаз жасау мен сұлулық салондарының жұмыстары талапқа сай жүргізілмейді, болмаған рейстер үшін шығынның орны толтырылмайды.
Тауар сатушылары мен қызмет көрсетушілерге қатысты шағымдар ауқымы кең. Бұл сапасыз тауар сату, тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту, сатып алушыға өнім туралы толық емес және жалған ақпарат беру, тоқтатылған әуерейстері үшін қаражатты қайтармау, жиһаз жасау мен жөндеу, сұлулық салондарының қанағаттанарлықсыз жұмысы.
Сәуле Махатова қала тұрғындарын әсіресе интернеттен тауар сатып алғанда мұқият болуға шақырды. Спикердің айтуынша, тұтынушылар сатып алынатын тауарлар туралы толық ақпаратты, қайдан келгені, тіпті өндірушісін әрқашан біле бермейді, сөйте тұра сатушыға ақшаны аударып жібереді. Сапасыз тауар жеткізілген жағдайда қай қаладан келгенін, кәсіпкерге қатысты деректерді білмей сатушыны анықтау қиын болады. Сондықтан тауарларды сатып алар кезде сатушы туралы мәліметтерді, оның БСН, ЖСН біліп («Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға сәйкес бұл мәліметтер коммерциялық құпия емес), пікірлерді оқыған жөн.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі