Алматыда көшенің қақ ортасында тұрып, такси тоқтататындар жауапқа тартылуы мүмкін

25.08.2022

Қалада 3 көшенің қиылысына «Сергек» камерасы орнатылады.

Енді Алматыдан шыға берістегі жерлерде такси ұстаушыларды «Сергек» камералары бақылайтын болады.

Бұдан былай жолдағы қозғалысқа бөгет жасап, көшенің қақ ортасында тұрып такси тоқтататындар жауапқа тартылуы мүмкін. Оны қадағалайтын камералар 3 көшенің қиылысына орнатылмақ. Кептелістен көз ашпайтын кей көшелердің көрінісі әлі де аянышты халде. Қозғалысты шектеп, жолдың ортасына такси тоқтататындар көбінде қаланың шыға берістегі көшелерінде кездеседі.

«Адамдар жолға шығып алады. Такси ұстайды. Қаскелеңге, Ұзынағашқа кетеді. Такси ұстаған жағдайда жолға шығып, бір-біріне кедергі жасайды», – деді патрульдік полиция қызметінің аға-лейтенанты Ілияс Тұрабаев.

Бұдан былай таксиді тас жолдың ортасына шығып тоқтату қиындайды, өйткені жол қозғалысын шектеп, шектен шықсаңыз айыппұл арқалауыңыз әбден мүмкін.

«Оны құптамаймын өзім. Жаяу жүргіншілер қалай жүру керек сонда? Кішкене халықты да ойлау керек қой. Болмаса қоғамдық көлік жүргізсін. Ұзынағашқа автобус 2 сағат сайын жүреді. Кептеліс туындағанда 2 жолақ бар ғой, 3 жолақпен жүру керек пе міндетті түрде», – деді Алматы облысының тұрғыны Айдос Баянов.

«Дұрыс емес, халық не істейді?  Үйіне қайтуы керек. Басқа амалы жоқ», – деді қала тұрғыны Кенжебек Айсүйеров.

«Енді басқа таксиді қайдан ұстаймыз? Жолдан ұстамағанда. Кептеліс барлық жерде бар. Жұмысқа кешігіп қаламыз», – деді қала тұрғыны Оралбай Сейітов.

Көпшіліктің бұл ойын құптамайтындар да бар. Қала түрғындарының айтуынша, жол ортасына шығып, көлік қозғалысын қиындататындарды қадағалау дұрыс, «Сергек» камерасының көмегі көп.

«Қаскелеңге кететін тұрақтарда Төле биге көшесіне шығып кетеді. Оныкі дұрыс емес. Камерамен тексерген дұрыс деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Райхан Жаманқараева.

«Әрине, дұрыс. Жеңіл көліктерге кедергі жасайды. Жүргізуші кінәлі болады», – деді такси жүргізушісі Айдын Қабылбеков.

Ал қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасы эксперименталды жобаның жуырда жолға қойылатынын айтып отыр. Олардың айтуынша, кейбір азаматтар өз әрекеттерімен жолды тарылтып, кептелістің және төтенше жағдайдың туындауына әкеп соғады.

«Азаматтардың жол ережесінің бұзу дерекгі жиы орын алатын Төле би даңғылымен, Момышұлы көшесінде, Райымбек даңғылымен Момышұлы, Райымбек пен Әшімов көшелерінің қиылысында «Сергек» бейнабақылау кмералары орнатылатын болады. Ол жерде жолдың қақ ортасыны шығып кетіп, өткен автокөліктерді қаладан шығып кету үшін тоқтатады», – деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

«Сергек» камераларының нақты қашан қойылатыны алдағы уақытта мәлімдейді. Әзірге полиция қызметкерлері ол маңда тек түсіндерме жұмыстарын жүргізіп жатыр.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.