Алматыда келер жылы оқушы орнының тапшылығы 83%-ке қысқаратын болады

12.08.2020

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасының Aкimat Live бағдарламасында өткен тікелей эфир барысында мектеп құрылысының қарқыны мен жаңа оқу жылына дайындық туралы әңгімеледі.

Халықтың қарқынды көші-қоны мен балалардың туу деңгейінің ұлғаюына байланысты Алматыда оқушылар саны жыл сайын орта есеппен 12 мыңға артып отыр. Өткен оқу жылында оқушылардың жалпы саны 17 мыңнан астам балаға өсті. Бүгінгі таңда оқушы орнының тапшылығы 30 мыңды құрайды.

Сондықтан өткен жылы мектеп құрылысы қарқынды жүргізілді. Үстіміздегі жылы, 1 қыркүйекте Әуезов және Түрксіб аудандарында 1800 орындық екі жаңа мектеп ашылады. Сонымен қатар қала мектептері жанынан 3642 орындық сегіз қосалқы нысан салынуда.

Бұдан өзге, «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша 13 200 орындық тоғыз мектеп, мектептер жанынан 6550 орындық 13 қосалқы нысан салу жоспарланған. МЖӘ аясында 5700 орындық бес мектеп салу ұсынылды.

«Осылайша, 2021 жылдың соңына дейін оқушы орнының тапшылығын 83%-ке қысқаратын болады», - деп хабарлады Б. Сағынтаев.

Алматы әкімі жаңа оқу жылына дайындық туралы айта келіп, коронавирус инфекциясына  байланысты балалар мен педагогтардың денсаулығын сақтау мақсатында Білім және ғылым министрлігінің эпидемиологиялық ахуал жақсарғанға дейін қашықтан оқыту туралы шешім қабылдағанын еске салды. Бұрынғы оқу форматына кезең бойынша көшу жоспарланған. Штатты режимге бірінші кезеңде 1-5 сынып оқушылары, екінші кезеңде 6-11 сынып оқушылары көшеді әрі санитарлық қауіпсіздіктің пәрменді шаралары қамтамасыз етілетін болады.

Б. Сағынтаев өз сөзінде бірінші кезекте аз қамтылған отбасы балаларын компьютерлік техникамен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша 70 мыңнан астам адамға, оның ішінде оқушылар мен мұғалімдерге компьютерлер мен ноутбуктар берілетін болады.

«Бұдан өзге, интернетке қолжеткізу және мобильді байланыс нашар аймақтарға мониторинг жүргізілді. Ұялы байланыс операторлары орнататын қосымша таратушы антенналардың орны анықталды», - деп атап өтті Алматы әкімі.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі