13.05.2021

Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасының тікелей эфирінде қаланың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы айтты.

Б. Сағынтаев қауіпсіздік «Алматы - 2050» даму стратегиясында алдағы кезеңге белгіленген жеті стратегиялық бағыттың бірі екенін атап өтті.

Басты міндет – Алматыны қала тұрғындары мен қонақтары кез-келген ауданда және кез-келген уақытта өзін қауіпсіз сезінетін, ал ата-аналар балаларын мектепке немесе достарымен қыдыруға еш алаңдамай жіберетін қылмыс деңгейі мен төтенше жағдайлар қаупі төмен қалаға айналдыру.

Қауіпсіздік деңгейі жыл сайын артып келеді. Мысалы, Стратегияда «100 мың адамға шаққандағы қылмыс деңгейінің» индикаторы көрсетілген, ол 2020 жылы 3260, ал 2025 жылы 2835 болуы керек. Іс жүзінде 2019 және 2020 жылдары бұл көрсеткіш сәйкесінше 2889 және 1457,9 құрады. Стратегиядағы «100 мың адамға шаққанда өліммен аяқталған ЖКО-ның саны» индикаторы бойынша 2030 жылға дейін 4,6-дан көп емес көрсеткішке жету жоспарланған. Іс жүзінде 2020 жылы бұл көрсеткішке 4,2 болды.

2019 жылдан бастап Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша барынша криминогенді жерлерде полицияның 37 жаңа модульді стационарлық посты ұйымдастырылды. Биыл тағы 7 осындай пост ашылатын болады. Криминогенді учаскелерде патрульдеуді күшейту және жылжымалы полиция пунктілерін құру жағдайды едәуір жақсартты.

2020 жылдың қорытындысы бойынша қылмыс 2 есеге (47,8%-ға) азайды. Қоғамдық орындарда тіркелген құқық бұзушылық саны 3,4 есеге төмендеді, көше қылмыстары 4,2 есеге қысқарды. Сондай-ақ қылмысты ізін суытпай ашу 12,3%-ға жақсарды. Биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша қалада қылмыс барлық бағыттар бойынша 21,3% төмендеді.

Учаскелік инспекторлардың рөлі күшейтіліп, қала тұрғындары мен қонақтарына туындайтын мәселелерді шешуге көмек көрсету міндеті қойылған. Әрбір ересек алматылық учаскелік инспекторын жақсы тануы тиіс.

Мегаполис әкімі қалада құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік атмосферасын қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Сондықтан салдарымен ғана емес, себебімен де күресу керек. Әлеуметтік қамсыздандыру органдары қылмысқа бейім контингентпен тиісті профилактикалық жұмыстарды жүргізуі тиіс. Профилактикалық әңгімелесу, мониторинг, қоғамға кірігуге көмектесу, қажет болған жағдайда қатаң шаралар қолдану керек. Қылмыс жасайтындардың басым көпшілігі жұмыссыз азаматтар, қиын өмірлік жағдайға тап болғандар немесе заңсыз мигранттар екені белгілі.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі