Дауылды ескерту мен қолайсыз ауа райы жағдайына – екпінді жел, жауын-шашын мен сулы қардың болуына байланысты қала аумағында ағаштар мен бұтақтардың құлау фактілері тіркелді.
Қатты жел салдарын жою жұмыстарын аудандық әкімдіктердің мердігер ұйымдары мен Алматы қаласының құтқару қызметі жүзеге асырып жатыр.
«29 наурыз күнгі сағат 19:00-дегі жағдай бойынша «112» желісіне ағаш құлауға қатысты 36 қоңырау келіп түскен. 31 ағаш, 5 үлкен бұта құлаған, оның ішінде 21 ағаш көліктерге құлаған.
Пульттік мониторинг қызметінің ақпаратына сәйкес бұтақ құлауынан 1 ересек адам болмашы дене жарақатын алған», - делінген қалалық әкімдіктің баспасөз хабарламасында.
Барлық тіркелген жағдай бойынша аудандық Төтенше жағдай бөлімдері, аудандық әкімдіктердің мердігер ұйымдары мен Алматы қаласының құтқару қызметі жұмыс істеп жатыр.
Жасыл экономика басқармасының ақпаратына сәйкес Алматыда 2,8 млн ағаш болса, оның 84,6 мыңы апатты жағдайда тұр.
«Жүргізілген сараптамаға сәйкес негізінен, апатты жағдайдағы ағаштар қаланың орталық және шеткері аймақтарында орналасқан. Оның ішінде мақсатты (көше бойында) 34962 ағаш, жалпы қолданыстағы (аула ішінде) 49666 ағаш бар», - делінген ақпаратта.
Аудан әкімдіктерінің аппараттары мен Жасыл экономика басқармасы бірлесе отырып апатты жағдайдағы ағаштарды кесіп, орнына жас ағаштар отырғызып, қаланың жасыл қорын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Дереккөз: Almaty.tv.